
Сенат пен Мәжілістің бірлескен соңғы отырысының алдында депутат Самат Нұртаза, Дәулет Мұқаев және Ардақ Назаров Мәжіліс біткен соң немен айналысатындарын айтып берді.
Депутат Самат Нұртаза қимастық сезімі бар екенін, Құрылтайға енбей қалса сабақ беріп, шахмат ойнайтынын айтты.
«Қимастық, әрине, бар. Бес жылға жоспарлаған жұмысымызды 3 жылда аяқтай алмай қалдық. Бірақ, менің ойымша, бізден кейін келген азаматтар немесе Құрылтайдың құрамына өзім кіріп жатсам жұмысты аяғына дейін апарамын. Егер құрылтайдың құрамына өтпей қалсам сабақ беремін. Мен мұғаліммін ғой. Одан бөлек репетитор боламын, шахмат ойнаймын, фейсбукте белсенді боламын», – дейді депутат.
Ардақ Назаров депутат болған жылдары үлкен саяси тәжірибе алғанын айтып, болашақта өмірін қайта спортпен ұштастыратынын жеткізді.
«Қазақта «екі қолға бір күрек» деген сөз бар. Депуаттықтан бөлек өзіміздің айналысып жүрген істеріміз бар, спорт бар, басқа да мәселелер бар. Халық мені спортшы, әлем чемпионы ретінде, қазіргі уақытта депутат ретінде таниды. Ешқандай өкініш жоқ. Барлығына ризамын. Үлкен саяси тәжірибе алдым деп ойлаймын», – деді ол.
Ал депутат Дәулет Мұқаев та депуаттық мандаты аяқталғаннан кейін шетелге шығып демалатынын, тойға баратынын айтты.
«Қазақта той деген көп қой. Одан бөлек оқырмандарыммен бірге былтыр ашылған «Дәулетті саяхат» деген тобымыз бар. Бұйырса шетелге бір саяхаттап келерміз. Одан кейін көре жатармыз. Құрылтайда бармыз ба, жоқпыз ба белгілісіз», – дейді депутат.
Еске сала кетейік, бүгін Қазақстанның қос палаталы Парламенті соңғы бірлескен отырысын өткізеді. Ал ертеңнен бастап елде жаңа Конституция өз күшіне енеді. Қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай жұмыс істейтін болады.
Бірлескен отырысты шақыру туралы өкімге Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қол қойды. Отырыс Астана уақытымен сағат 11:00-де басталады.
Бұған дейін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа парламентке жаңа адамдар керек екенін айтқан еді.