Жаңалықтар

Қос азаматтығы бар әйелдің жазасы жеңілдетілді

 фото: shutterstock
фото: shutterstock

Ресей азаматтығын алып, Қазақстан азаматтығынан бас тартпаған әйелге 302 мың теңге айыппұл салынды.

Жамбыл облысының Шу аудандық соты Ресей Федерациясының азаматтығын алғаны туралы Қазақстанның ішкі істер органдарына уақытында хабарламаған әйелге қатысты әкімшілік істі қарады.

Іс материалдарына сәйкес, әйел 2017 жылдың тамызында Ресей азаматтығын алған. Алайда заңда белгіленген 30 күн ішінде бұл туралы Қазақстанның ішкі істер органдарына хабарлап, құжаттарын тапсырмаған.

Сотта ол кінәсін толық мойындап, мұндай талаптан бейхабар болғанын айтты. Сондай-ақ Қазақстан азаматының төлқұжатын жоғалтып алғанын жеткізіп, өзін елден шығармауды және айыппұл тағайындауды сұрады.

Сот әйелдің кінәсін мойындауы, шын өкінуі, бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны, екі кәмелетке толмаған баласының болуы, сондай-ақ отбасылық және материалдық жағдайын ескеріп, айыппұл мөлшерін 30 пайызға қысқартты.

Нәтижесінде әйел Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 496-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 302 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Мұның алдында ШҚО-да қос азаматтығы бар 250-ден астам адам анықталып, 17-сі жазаға тартылған еді.