Жаңалықтар

Ресей Қазақстаннан қолма-қол ақшаны алып шығу немесе кіруге қатысты ескерту жасады

Ресей Қазақстаннан қолма-қол ақшаны алып шығу немесе кіруге қатысты ескерту жасады / Фото: primeminister.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстанға сапар шегуді жоспарлап отырған ресейліктерге шекара арқылы қолма-қол ақшаны алып кіру және алып шығу ережелері туралы еске салынды.

Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің консулдық бөлімі тиісті ескерту жасады. Бұған валюталық және кедендік реттеу саласындағы Қазақстан заңнамасын бұзу жағдайларының жиілеп кетуі себеп болды.

Дипломатиялық миссия қолма-қол ақша мен жол чектерін, егер олардың жалпы сомасы Еуразиялық экономикалық одақ аумағына алып кіру немесе алып шығу кезінде 10 мың доллар баламасынан асатын болса, жазбаша түрде декларациялау қажет екенін еске салды.

Сонымен қатар, Қазақстаннан 10 мың доллардан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасы мен шетел валютасындағы ақшаны алып шығуға тыйым салынады. Есеп айырысу қаражатты алып шығу күніндегі ҚР Ұлттық банкінің ресми бағамы бойынша жүргізіледі.

«Аталған талаптарды бұзу әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін, соның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда айыппұл салу мен ақшалай қаражатты тәркілеу шаралары қолданылады», – делінген елшілік хабарламасында.

Шетелдіктерге сапарларды жоспарлау және ірі көлемдегі қолма-қол ақшаны тасымалдау кезінде қолданыстағы шектеулерді алдын ала ескеру ұсынылды.