
Әлеуметтік мемлекет боламыз деп, қаражатты талан-таражға салуға болмайды. Бұл туралы Парламент палаталарының қорытынды отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Мемлекет басшысының пікірінше, билік болашақ ұрпақ үшін берік іргетас қалау мақсатында бюджет қаражатын тиімдірек пайдалануы қажет.
«Қаражат деген уақытша дүние, оның құны жыл сайын төмендеп бара жатыр, ал оны тиімді пайдалану, бұл – нақты нәтижелерге қол жеткізу, тиісті нысандарды өскелең ұрпақтарға аманат етіп қалдыру деген сөз. Әлеуметтік мемлекет боламыз деп, қаражатты талан-таражға салуға болмайды. Осындай қысқа, шолақ ойлы саясатты біздің ұрпақтарымыз түсінбейді де, кешірмейді де», – деді Президент.
Авиаотын тапшылығын жою
Президенттің айтуынша, Қазақстан өңірдегі энергетикалық позициясын нығайту үшін ішкі нарықтағы өзекті мәселелерді шұғыл ретке келтіруі тиіс.
«Біз аймақтағы мұнай-газ өндіретін жетекші мемлекет ретінде авиаотынға қатысты мәселелерді толық шешуге мүмкіндік беретін мықты инфрақұрылым қалыптастыруымыз қажет. Бұл – аса маңызды және шұғыл міндет», – дейді ол.
Транскаспий халықаралық көлік жолы
Тоқаев дерегінше, Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі кейінгі алты жылда бес есе ұлғайып, бір жылда 4 миллион тоннадан асқан.
«Елімізде неғұрлым құрылыс көп болса, Қазақстан да соғұрлым өркендей береді. Біз теміржолдарды, автожолдарды, әуежайларды, вокзалдарды, сумен қамтамасыз ететін ірі құрылғыларды, өндіріс және өнім кәсіпорындарын, қала ғимараттарын және тағы басқа нысандарды жоғары қарқынмен салуымыз керек», – дейді ол.
Саланың қарқынды дамуына заңнамалық тұрғыдан да үлкен қолдау көрсетіліп, 2023 жылдан бері 8 арнайы заң қабылданған.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс пен Сенаттың 30 жылдық жұмысына баға берген еді.