
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіруді аса маңызды стратегиялық міндет ретінде атап өтті.
Президенттің пайымдауынша, бұл мақсатқа қысқа мерзімде қол жеткізу үшін басқару жүйесіне мүлдем жаңа көзқарас пен жаңа ұстаным қажет. Әсіресе базалық мөлшерлеме мәселесін шешуді тапсырды.
«Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Мұны әлем елдерінің даму қарқынымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш деуге болады. Жалпы ішкі өнім ел тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асып, 2019 жылдан бері бір жарым есе артты. Бұл – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы ең жоғары нәтиженің бірі», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл мақсатқа жедел түрде қол жеткізу үшін жаңа көзқарас пен жаңа ұстаным қажет екенін, бұрынғы жұмыс тәсілдері мен әдістері тиімді болмайтыны анық екенін ескертті.
«Бұған дейін де айттым: жаһандағы жағдай, жалпы халықаралық ахуал жыл өткен сайын ушығып барады. Түрлі қақтығыстар мен сын-қатерлер аз емес. Бірақ біз соған қарамастан, салиқалы саясат жүргізіп, нық сеніммен алға қадам басып келеміз. Біз бұл саясатты берік ұстануымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің мәлімдеуінше, елімізде инфляция бағамы төмендеп, биылғы бес айдың қорытындысы бойынша оның деңгейі 10,4 пайызға дейін түскен, алайда бұл көрсеткішті әлі де төмендету керек. Сонымен қатар ол:
«Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақты. Ұлттық валютамыз да өз тұғырында нық тұр, сыртқы қауіп-қатерлерден сенімді түрде қорғалған деп айтсақ, қате болмайды», – деп атап өтті.
Жалпы алғанда, Парламенттің Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп тиімді жұмыс атқарғаны айтылды. Мемлекет басшысы:
«Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе – Ұлттық банктің негізгі пайыздық ставкасы. Бұл мәселені пайымдап шешу керек», – деген міндетті алға тартты.
Бұған дейін Тоқаев Мәжіліс пен Сенаттың 30 жылдық жұмысына баға беріп, «өшпес із қалдырғанын» атап өткен.