
Парламентте қос Палатаның отырысы өтіп жатыр. Жиынға Тоқаев қатысып, бірқатар мәлімдеме жасады. Соның ішінде өңірлерді газбен жабдықтау мәселесін тездетуді тапсырды.
«Елді газдандыру жұмыстарын жеделдетуді жоспарлап отырмыз. Қазір көрсеткішті 65%-дан 80%-ға дейін жеткізу міндеті қойылды. Үкімет дәстүрлі энергетикамен қатар, жалпы энергия балансындағы үлесі 7 пайызға жеткен «жасыл» энергетикаға да баса назар аударып отыр. Қарқынды дамып келе жатқан экономиканы сенімді энергиямен қамтамасыз ету үшін 2029 жылға қарай 13 гигаваттан астам жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарлануда. Оның үстіне, бұл көлемнің кем дегенде төрттен бірі жаңартылатын энергия көздері есебінен қамтамасыз етіледі», – деді президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Бұған дейін «QazaqGaz» компаниясы елдегі газдандыру деңгейі 62,4%-ға жетті деп хабарлаған еді. 2025 жылы 400 мыңға жуық адам табиғи газға қол жеткізген, ал 112 елдімекен газбен жабдықтау жүйесіне қосылған.