Жаңалықтар

«Өшпес із қалдырды»: Тоқаев Мәжіліс пен Сенаттың 30 жылдық жұмысына баға берді

Тоқаев Мәжіліс пен Сенаттың 30 жылдық жұмысына баға берді
Тоқаев Мәжіліс пен Сенаттың 30 жылдық жұмысына баға берді / Фото: cud.gov.kz

Қазақстан Парламенті 30 жыл ішінде ел дамуында маңызды рөл атқаратын 3,5 мыңға жуық заң қабылдады. Бұл туралы палаталардың бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Президент Парламенттің кезекті сессиясын қорытындылап қана қоймай, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұтас бір дәуірге есеп беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа институционалдық модельге көшкен заң шығарушы орган мемлекеттілікті нығайтуға, құқықтық жүйені қалыптастыруға және нарықтық экономиканы дамытуға үлкен үлес қосты.

«30 жыл ішінде өте маңызды 3,5 мыңға жуық заң қабылданды. Бұл ретте әрбір оныншы заңға депутаттардың өздері бастамашы болды. Заң шығару жүйесінің бастауында бүкіл халық пен халықаралық қоғамдастыққа танымал саясаткерлеріміз, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері тұрды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы олардың атқарған жұмысы Парламент тарихында өшпес із қалдырғанын және халық жадында сақталатынын баса айтты.

Президенттің сөзінше, Парламент әрдайым уақыт талабына тез бейімделіп, қоғам сұранысына жауап бере алатын жасампаз құрылым болып қалды.

Сонымен қатар Тоқаев депутаттарға, «Әділет» партиясына қосылған Amanat партиясының мүшелеріне осы уақытқа дейін істеген жұмысы үшін алғыс айтты.

Еске сала кетейік, бүгін Қазақстанның қос палаталы Парламенті соңғы бірлескен отырысын өткізіп жатыр. Ал ертеңнен бастап елде жаңа Конституция өз күшіне енеді. Қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай жұмыс істейтін болады.