
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы басталғалы үш жылда 6,5 млн баланың есепшотына 2,3 млрд доллар аударылған. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты.
Бұл ретте Тоқаев арнайы конституциялық нормаға сүйене отырып, табиғи байлық азаматтардың бастапқы капиталы ретінде бекітілгенін атап өтті.
«Қазақстан – осындай бірегей бастаманы іске асырған аймақтағы алғашқы мемлекет. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – соның айқын дәлелі. Бұл жобаның тиімділігі жоғары: үш жылдың ішінде 6,5 миллион баланың есепшотына 2,3 миллиард доллар аударылды», – деді ол.
Сондай-ақ Президент қамқорлық шараларының нақты жалғасы ретінде «Келешек» жинақтау жүйесі іске қосылғанын атап өтті. Дарынды балаларға, соның ішінде халықаралық олимпиада жеңімпаздарына жүйелі түрде қолдау көрсетіле бастаған.
«Болашаққа инвестиция салу дегеніміз де – осы. Ал, айналамызда, яғни Еуразия құрлығында қай мемлекет әлеуметтік мақсаттарға осыншама қомақты қаражатты бөліп беріп жатыр? Жауап белгілі сияқты», – деді ол.
«Ұлттық қор -балаларға» бағдарламасы 2024 жылы басталған. Аталмыш бағдарлама бойынша Ұлттық қор инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың есепшотына теңдей бөлініп түседі.
2023 жыл қорытындысы бойынша қордан әр балаға $100 мөлшерінде, ал 2024 жыл үшін 129 доллар шамасында қаражат бөлінді.
2025 жылғы инвестициялық табыс есебінен түскен қаражат 130,71 долларды құрап есепшоттағы ақша 370 долларға жетті.