Жаңалықтар

Жезқазған – Қарағанды автожолын қайта жаңғырту жобасы басталды

фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Жезқазған – Қарағанды автожолын қайта жаңғырту жобасының ресми басталуына қатысты.  

Жобаның жалпы ұзындығы – 572 шақырым. Оның 335 шақырымы Ұлытау облысының аумағы арқылы өтеді. Республикалық маңызы бар жол құрылысының басталу рәсіміне «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Бұл – Мемлекет басшысының тікелей бақылауындағы, ел үшін айрықша маңызы бар әрі көптен күткен жоба. Бүгін оның құрылысына ресми түрде бастау беріліп отыр. Жоспарға сәйкес жоба 2029 жылы аяқталуы тиіс. Дегенмен мердігер ұйымдармен келіссөздер жүргізіп, тиісті міндеттер жүктейміз. Негізгі мақсатымыз – құрылыс қарқынын жеделдетіп, жобаны мүмкіндігінше ертерек, яғни 2028 жылы аяқтау», – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев.

Іс-шара барысында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков аталған жобаның өңір үшін стратегиялық маңызына тоқталды.        

 «Бұл жол – Астана мен еліміздің оңтүстік өңірлерін Ұлытау арқылы байланыстыратын маңызды көлік дәлізі. Сондықтан республикалық маңызы бар автожолды жаңғыртуды облыс тұрғындары ғана емес, күн сайын осы бағытта қатынайтын мыңдаған жүргізуші мен жолаушы көптен бері күтті»,

— деді облыс әкімі.

Жезқазған – Қарағанды автожолын қайта жаңғырту өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігін жақсартуға, сондай-ақ Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.

Айта кететін жайт, «ҚазАвтоЖол» жолдарды жөндеуге 93 миллиард теңге несие алды.