
BYD Қазақстан нарығына арналған жаңа ірі кроссоверін әзірдеуде. Қытайда Tang L атауымен танымал BYD Atto 8 гибридінің көлік құралының типін мақұлдау құжаты Қазақстанның жергілікті тізілімінде жарияланды.
Ұзындығы бес метрге жуық, доңғалақ базасы 2,95 метр болатын гибридті кроссовер Қазақстанда жеті орындық, толық жетекті нұсқада сертификатталды. BYD Atto 8 капотының астында қуаты 149 ат күшіне (220 Нм) тең 1,5 литрлік турбомотор, екі электрқозғалтқыш және сыйымдылығы 35,62 кВт·сағ болатын LFP аккумуляторы орнатылған. Жүйенің жалпы қуаты шамамен 540 ат күшін құрайды.

Өндірушінің мәліметінше, көлік бір толық қуаттаумен және жанармай құйғанда 1000 шақырымнан астам жол жүре алады. Ал тек электр қуатымен WLTP циклі бойынша 150 шақырымға дейін жүруге қауқарлы.
BYD Atto 8 салоны былғарымен әрленген. Көлікте ықшам цифрлық аспаптар панелі, диагоналі 15,6 дюйм болатын мультимедиа жүйесінің дисплейі және екі деңгейлі орталық консоль орнатылған. Сондай-ақ жабдықталуына алдыңғы әйнекке проекциялық дисплей, тоңазытқыш, Dynaudio аудиожүйесі және басқа да заманауи функциялар кіреді.

Қазақстан нарығына арналған BYD Atto 8-дің нақты нұсқалары мен бағасы әзірге жарияланған жоқ. Дегенмен, ақпан айында BYD компаниясының дистрибуция жөніндегі директоры Антон Кущтың айтуынша, алдын ала болжам бойынша кроссовердің бағасы шамамен 20 млн теңге болады. Ал модельдің ресми таныстырылымы жаз мезгіліне жоспарланған.
Айта кетейік қытайлық BYD Auto компаниясы алдағы бес жыл ішінде әлемдегі ең ірі автокөлік өндірушіге айналуды көздеп отыр. Осылайша компания Toyota Motor Corporation мен Volkswagen AG компанияларын басып озуды жоспарлап отыр.