
Алматы мен Қытайдың Сиань қаласы арасында тікелей әуе рейсі іске қосылды. Рейстерді аптаның сейсенбі және жұма күндері FlyArystan әуе компаниясы орындайды.
Әуе компания жолаушыларды Airbus A320 ұшақтарымен тасымалдайды.
Сиань – Шэньси провинциясының әкімшілік орталығы. Қаладағы ішкі әуе рейстері мен теміржол желісі арқылы жолаушылар әрі қарай Бейжің, Шанхай, Чэнду, Гуанчжоуға оңай бара алады.
Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтар-мамыр қорытындысы бойынша Алматы әлемнің 53 қаласымен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Қазір Алматыдан Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу, Чэнду, Үрімжі, Құлжа (Инин), Ханчжоу және Санья қалаларына тікелей ұшуға болады.
Бұған дейін FlyArystan лоукостері Алматыдан Ыстықкөлге тікелей рейстерді қайта іске қосты.