Жаңалықтар

1 шілдеде Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді

Жаңа Конституция күшіне енді / фото: Ақорда

1 шілдеде ресми түрде жаңа Конституция күшіне енді. Бұл – Қазақстан тарихындағы үшінші Ата Заң.

Ең алғаш рет 1993 жылы 28 қаңтарда, одан кейін 1995 жылы 30 тамызда қабылданған еді. Қазіргі жаңа Конституция 2026 жылы 15 наурызда республикалық референдум нәтижесінде қабылданды. Ата Заң 11 бөлімнен 98 баптан тұрады.

Конституция қалай жазылды?

Президент Тоқаевтың сөзінше, 2022 жылғы оқиғалардан кейін жаңа Ата Заң жазу туралы ой келген. Бірақ 2024 жылы ғана іске кіріседі.

 «2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілгені өздеріңізге мәлім. Сол кездің өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Бірақ біз ондай қадамға бармадық. Дегенмен жаңа Конституция қабылдау туралы идея пайда болды. Шамамен екі жыл бұрын іске кірістім. Елімізге жаңа Конституция қабылдау керек деген ұйғарымға келдім», – деген еді Тоқаев.

Жаңа Ата Заң қабылдануына негізгі себеп Конституция мәтініндегі өзгерістер деп түсіндірді.

…Конституция мәтінінде жекелеген қателер бары анықталды. Кезінде терминологиялық, стильдік кемшіліктерге жол берілген. Конституциялық реформа аясында осы олқылықтарды түзеуіміз керек», – деген еді ол Құрылтайдағы сөзінде

Бастапқыда президент Құрылтайда сөйлеген сөзінде Ата Заңның 40-қа жуық бабына өзгеріс енгізіледі деген. Кейіннен «түбірімен өзгерген мүлдем жаңа құжат» деп бағалады.

Жаңа заң жазу үшін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия құрылды. Оның құрамына заңгер, депутаттар,журналистер, қоғам белсенділері сияқты түрлі сала өкілдері қосылды. Реформалар жөніндегі комиссия аптасына бірнеше рет отырыс өткізіп, жаңа Конституцияға енгізілетін әр бапты талқылады.

Комиссия отырысы жүріп жатқанда Ата Заңға қатысты халықтан да ұсыныстар түсті. Комиссия дерегінше, e-Otinish арқылы 4000-нан аса ұсыныс келген.

Көпшілік арасында Конституция асығыс талқыланған жоқ па деген сұрақ та туындады. Бірақ Сенат спикері Мәулен Әшімбаев бұған дейінгі Конституциялар қабылдағанда ондай пікірталас, талқы да болмаған деп жауап қатты.

Алғаш рет Конституция өзгерту туралы идея айтылғаннан бастап жаңа Ата Заң қабылданған дейінгі аралықта үш айға жетпес уақыт өтті. 20 қаңтарда Тоқаев Конституция мәтінін өзгерту туралы идея айтты, ал 15 наурызда референдумнан кейін жаңа Конституция қабылдануымен құттықтады.

Осыған дейін қазақстандықтар демалыс алып, тойлап келген 30 тамыз Атаң Заң күні мереке қатарынан алынып тасталды. Енді ол күнді 15 наурызда атап өтетін болдық.

Мектептерде жаңа қабылданған Конституция негіздерін түсіндіру бойынша жаңа пәндер енгізілетін болды. Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, Конституцияға арналған бірнеше элективті курс енгізу жоспарланып отыр. Соның аясында 5-7 сыныптар үшін «Конституция негіздері», 8-9 сынып оқушылары үшін «Заң және тәртіп» атты курстардың бағдарламасы әзірленіп жатыр. Ол пәндерді тарих және құқық пәні мұғалімдері беру керек.

Жаңа Конституциядағы өзгерістер

Күшіне енетін Конституцияға сәйкес, Сенат жойылып, бір палаталы парламент «Құрылтай» деп аталатын болады. Одан бөлек Қазақстанның Халық Кеңесі жаңа консультативтік орган ретінде орнығады және вице-президент институты енгізіледі. 

Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Бәрі пропорционалдық жүйемен, яғни партиялық тізіммен сайланады. Құрылтай депутатының өкілеттілік мерзімі – 5 жыл.

Қазақстан Халық Кеңесі жоғары консультативтік орган саналады. Жалпыхалықтық диалогты және азаматтық қоғамның елдегі ішкі саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады. Кең ауқымдағы өкілеттікке, соның ішінде заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқығы бар. 

Заңның басты жаңалығы – вице-президент институтының құрылуы. Осылайша вице-президент президент айқындаған міндеттерді орындайды.  

Жаңа Ата Заңның мәтінін мына жерден оқи аласыз.