
Маусымда Қазақстан шекарасы арқылы 4,3 млрд теңгенің тауары заңсыз өткізілмек болған. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік қызметі хабарлады.
Жалпы алғанда 1 476 факті анықталған. Олар:
- 32 факті – есірткі заттары;
- 66 факті – қарулар мен оқ-дәрі;
- 708 факті – көлемі 40 тоннадан асатын мөлшерде жанар-жағармай материалдары;
- 489 факті – жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеден астам халық тұтынатын тауарлар;
- 181 факті – сомасы шамамен 2,2 млрд теңгені құрайтын шетел валютасы.
«Каспий акваториясында браконьерлікпен айналысудың 27 фактісінің алды алынды, 24,7 км браконьерлік құрал, сондай-ақ 94 дана (658 кг) бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Алдын алған шығын сомасы 285 млн теңгеден асты», – делінген ақпаратта.
Одан бөлек шекарада 5 281 адам Қазақстан заңнамасын бұзған, ішінде 4 493 шетелдік бар.
Маусымда Шекара қызметі 50 қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 3 526 әкімшілік іс аясында 36 млн теңге айыппұл салынған.
Бұған дейін ҰҚК Ақтау әуежайында денесіне жасырылған жалпы салмағы 1 келі болатын 114 апиын капсуласын алып өтпек болған шетел азаматын ұстады.