
inDrive компаниясы сапар барысында аудиожазба жасау функциясын енгізіп жатыр. Жаңа функция жолаушылардың қауіпсіздігін күшейтіп, жолдағы қандай да бір келіспеушіліктің алдын алуға бағытталған.
Аудиожазба функциясы жүргізушіге де, жолаушыға да қолжетімді болады. Ол мобильді қосымшадағы «Қауіпсіздік» бөліміне енгізілген.
Аудиожазбаны бастау үшін жолаушы «Қауіпсіздік» дегенді ашып, өз әрекетін растауы керек.
«Сапар барысында туындайтын келіспеушіліктің басым бөлігі тұрмыстық жағдайға байланысты болады. Мысалы, көлік есігін қатты жабу, жолаушыны басқа жерде күту немесе ұзақ күту секілді мәселелер бар. Мұндай жағдайда әр тарап оқиғаны өзінше түсіндіреді. Ал аудио жазба оқиғаның нақты мән-жайын анықтауға мүмкіндік береді», – деп хабарлады компания.
Жаңа функцияда адамдардың жеке мәліметі құпия қалады. Аудиофайл аудио жазылған сәттен бастап бірден шифрланады. Ол ресми шағымды қарау барысында ғана пайдаланылады. Жазбаны телефоннан тыңдау, жүктеп алу, басқа адамға жібере алмайсыз.
Бұған дейін Green SM компаниясы Қазақстан нарығына ресми түрде кіріп, электрлі такси сервисін таныстырды.