
Freedom Holding Corp. холдингінің еншілес компаниясы, Freedom Finansal Hizmetler A.Ş. Түркияның Банктік реттеу және қадағалау агенттігі (BRSA) мен жергілікті Монополияға қарсы органның мақұлдауын алды. Реттеуші тарап Turkish Bank A.Ş. акционерлік капиталының 99,32% үлесін сатып алу мәмілесіне рұқсат берді.
Freedom Түркияда дамудың жаңа кезеңіне қадам басты
Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов компания үшін Түркия стратегиялық маңызы бар нарық екенін және холдинг бұл елге нақты даму жоспарымен қадам басып отырғанын айтты.
«Қазақстанда цифрлық экожүйе адамдардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айнала алатынын дәлелдедік. Freedom SuperApp іске қосылғалы екі жылға жетпей, 5,67 миллион қолданушыны тартты және елдегі ең қарқынды дамып келе жатқан цифрлық сервистердің біріне айналды. Біз қаржылық қызметтер мен заманауи цифрлық өнімдерді бір платформаға біріктірдік. Олар бір-бірін толықтырып, күшейтіп отыр», – деді ол.
Оның айтуынша, Freedom енді осы тәжірибені Түркия нарығында қолдануды көздеп отыр. Себебі бұл елдегі әлеуетті клиенттер саны Қазақстанмен салыстырғанда 4–5 есе көп. Ал Turkish Bank банкін сатып алу компанияға өзінің тиімділігін дәлелдеген бизнес-моделін Түркияда кеңінен дамытуға мүмкіндік береді.
Freedom Holding Corp. серіктесі әрі Freedom Finansal Hizmetler A.Ş. директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Почекуевтің айтуынша, мәміле аяқталғаннан кейін, банк брокерлік бизнеспен және капитал нарығындағы операциялармен бірігеді. Бұл клиенттерге бірыңғай экожүйе аясында ортақ пайдаланушы тәжірибесін ұсынуға мүмкіндік береді. Яғни, тұтынушылар бір платформа ішінде күнделікті банктік қызметтерді, төлемдерді, жинақтарды, кредиттеу мен инвестициялық шешімдерді қатар пайдалана алады.
«Түркияны ұзақ мерзімді стратегиялық нарық ретінде қарастырамыз, сондықтан елдің қаржы инфрақұрылымын, адами капиталын және технологиялық әлеуетін дамытуға инвестиция салуды жоспарлап отырмыз», – деді.
Алдағы уақытта банк Freedom-нің өңірлік даму стратегиясының негізгі тіректерінің біріне айналуға тиіс. Бұл банк қызметтерін, капитал нарығын, сақтандыруды және трансшекаралық қаржылық шешімдерді өзара тығыз ықпалдастыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта компания өз экожүйесін қаржылық қызметтермен ғана шектемей, электрондық коммерция, телекоммуникация және lifestyle-сервистер сияқты бағыттар есебінен кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Мәміле аяқталғаннан кейін, түрік банкінің көпжылдық тарихы мен сенімділігін Freedom-ның озық технологияларымен, кәсіпкерлік мәдениетімен және халықаралық тәжірибесімен біріктіре аламыз. Бұдан әрі инновациялар енгізу, қызметтердің қолжетімділігін арттыру және қаржылық өнімдер түрлерін айтарлықтай кеңейту арқылы клиенттеріміз үшін пайдалы дүниелер ұсынуға баса мән береміз. Осындай бірегей үйлесім Түркияның қаржы секторының жаңа даму кезеңінде біздің нарықтағы позициямызды нығайтуға мүмкіндік беретініне кәміл сенеміз», – деді Freedom Finansal Hizmetler A.Ş. бас директоры Х. Дженк Эйнехан.
Келісім шарттары
2026 жылдың ақпан айында тараптар қол қойған сатып алу-сату туралы келісімге (SPA) сәйкес, мәміле тек Turkish Bank-тің Түркиядағы бөлімшесін қамтиды. TurkishBank Group холдингінің Кипр мен Ұлыбританиядағы банк бизнесі, сондай-ақ топтың басқа активтері келісімге кірмейді.
Заңдық рәсімдер аяқталғаннан кейін Turkish Bank A.Ş. Түркияның мемлекеттік реттеуші органдарының қадағалауымен жұмысын жалғастырады. Сонымен қатар банк Freedom Holding компаниясының цифрлық қаржылық қызметтер саласындағы халықаралық технологиялық тәжірибесі мен шешімдеріне толық қол жеткізеді.
Freedom экожүйесі қалай дамып жатыр
Freedom Holding-тің Түркиядағы банкті сатып алу жоспары алғаш рет 2026 жылдың наурыз айында хабарланған болатын. Қазір холдинг өз экожүйесін Қазақстаннан тыс жерлерде де, ел ішіндегі нарықта да белсенді түрде кеңейтіп жатыр. Бұған дейін Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов компанияның Түркияның банк нарығына шығу мүмкіндігін зерттеп жатқанын, сондай-ақ жергілікті маркетплейсті сатып алу нұсқасын қарастырып отырғанын айтқан еді. Осындай ірі M&A мәмілелерін қаржыландыру үшін топ 500 млн долларға дейінгі көлемде облигациялар шығаруды жоспарлап отыр.
Соңғы бір жарым жылда топтың банк бизнесі халықаралық деңгейде айтарлықтай кеңейді. 2024 жылдың қазан айында Freedom Тәжікстанда жұмысын бастады. Ал 2025 жылдың қараша айында компания Грузияда еншілес банк ашуға рұқсат алды. Сонымен қатар брокерлік бағыт та қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың желтоқсанында Freedom БАӘ-де қызмет көрсетуге лицензия иеленді.
2026 жылдың басында Тимур Турлов холдингтің жаңа даму стратегиясын таныстырды. Енді компания жекелеген сервистерді дамытудан гөрі, қаржылық және технологиялық өнімдерді бір платформаға біріктіретін бірыңғай цифрлық экожүйе құруға басымдық береді. Freedom-нің негізгі мақсаты – өңірдегі цифрлық және қаржы нарықтарының дамуына жаңа стандарттар қалыптастыратын жетекші ойыншылардың біріне айналу.
Freedom Holding Corp. бүгінде әлемнің 21 елінде операциялық қызметін жүзеге асырып отыр. Компанияның акциялары NASDAQ халықаралық қор биржасында, сондай-ақ Қазақстандағы KASE және AIX биржаларында FRHC тикерімен саудаланады. Холдингтің қызметін АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы (SEC) қадағалайды. Ал компанияның акциялары АҚШ-тың Russell 3000 қор индексінің құрамына кіреді.
Банкті тікелей сатып алушы Freedom Finansal Hizmetler A.Ş. компаниясы 2022 жылы құрылған. Компания Түркияда ұзақ мерзімді қаржылық консалтинг қызметін көрсетумен қатар, сақтандыру, төлем жүйелері және капитал нарығы салаларындағы бизнестерді құру және дамытуға маманданған.
Ал сатып алынатын Turkish Bank A.Ş. Түркиядағы бөлшек және корпоративтік клиенттерге банктік қызметтердің толық спектрін ұсынады. Банк қазіргі құрылымында 1982 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қаржы институты TurkishBank Group құрамына кіреді. 1901 жылы құрылған бұл ірі жеке қаржы тобы Түркияда, Ұлыбританияда және Солтүстік Кипр Түрік Республикасында филиалдар желісі арқылы қызмет көрсетеді.