Жаңалықтар

Құрылтай сайлауына бюджет Үкімет резервінен бөлінеді

Құрылтай сайлауына бюджет Үкімет резервінен бөлінеді / Фото: shutterstock

Құрылтай депутаттары сайлауының бюджеті қазіргі уақытта қалыптасып жатыр, деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник брифингте.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта аумақтық сайлау комиссиялары бюджеттік өтінімдерді жасап жатыр. Олардың негізінде ОСК шығыстар сметасын дайындайды.

«Шығындардың жиынтық есебі Қазақстан Республикасының Үкіметіне жіберіледі. Қорытынды сома үкіметтің шешімімен анықталады», – деді Бортник.

Ол Құрылтай сайлауы жергілікті атқарушы органдардың шоттары арқылы республикалық бюджет қаражатынан қаржыландырылатынын атап өтті. Бұл ретте сайлауды өткізуге арналған шығыстар 2026 жылдың бюджетінде қаралмаған.

«Сайлауды өткізу 2026 жылдың бюджетінде көзделмеген, сондықтан қаражат үкімет резервінен бөлінеді», – деп хабарлады ОСК мүшесі.

Бортниктің айтуынша, нақты сома туралы айту әлі ерте. Шығыстардың негізгі бөлігі сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбегіне ақы төлеумен байланысты болады.

«Сметаның шамамен 75%-ы 71 мың сайлау комиссиясы мүшесінің еңбегіне ақы төлеуге жұмсалады», – деп атап өтті ол.

Бюджеттің қалған бөлігі сайлау науқанын ұйымдастырушылық және ақпараттық шығындарға жұмсалады.

«Әрине, полиграфиялық өнімдерді дайындауды көздейтін шығыстар да енгізілген. Бұған сайлау бюллетендері, ақпараттық бланкілер, сайлау учаскелерінде орналастырылатын партиялар туралы ақпарат кіреді», – деді Бортник.

Сондай-ақ, сметаға науқанды ақпараттық сүйемелдеу, сайлау комиссияларының жұмысы үшін материалдық-техникалық жағдайларды жасау және жақсарту, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің іссапар шығыстары, көлік қызметтері мен байланыс қызметтері қосылады. Бұған сайлау науқаны бюджетінің шамамен 25%-ы жұмсалуы тиіс.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтай сайлауын 2026 жылғы 23 тамызға тағайындау туралы жарлыққа қол қойған еді. Осыдан кейін ОСК сайлау науқанының күнтізбелік жоспарын бекітті. Сондай-ақ, сайлаушылар саны 12 561 644 адамға дейін өскенін хабарлады. Бұл Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумдағыдан 99 848 адамға артық.