Жаңалықтар

Қырғызстан «э» әрпінен бас тартпақшы

фото: 24kg

Қырғызстанда «э» әрпінен бас тартпақшы. Жақында қырғыз тілі орфографиясының жаңа ережелерінің жобасы таныстырылды. Жоба авторлары «э» әрпінің орнына «е» әрпін ғана қолдануды ұсынып отыр.

Ұсынылған жобаға сәйкес, «Э» әрпі «Е» дыбысын қайталайтын әріп ретінде танылған. Осыған байланысты, авторлар қырғыз сөздерінің басында, ортасында және соңында тек «Е» әрпін қолдануды ұсынады.

Егер бұл ережелер күшіне енсе, қырғыз тіліндегі «эки» (екі), «эгемен» (егемен), «эне» (ана) сияқты сөздер сәйкесінше «еки», «егемен» және «ене» болып жазылады. Сондай-ақ, созылыңқы дауысты дыбыстар да осы форматқа көшеді: мысалы, «ээр» (ер-тоқым) және «бээ» (бие) сөздерінің орнына «еер» және «бее» деп жазу ұсынылып отыр.

Ал «Э» әрпін тек басқа тілдерден енген және қырғыз тіліне бейімделмеген «мэр», «экран» тәрізді кірме сөздерде ғана қалдырмақшы. «Э» әрпіне қатысты ұсынылған бұл өзгерістер әлеуметтік желілерде қызу талқылау тудырды. Бірі бұл бастамаға түбегейлі қарсы болса, екіншісі қолдау білдіріп жатыр.

Осы жылы Қырғызстанда оқу жылы екі апта кеш басталады. Мұндай шешім Қырғызстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің саммитін өткізуге, сондай-ақ Қырғыз Республикасы тәуелсіздігінің 35 жылдығын мерекелеуге байланысты қабылданған.