Жаңалықтар

Сел салдарынан туристер «Түргенсай» демалыс аймағынан эвакуацияланып жатыр

Сел салдарынан туристер «Түргенсай» демалыс аймағынан эвакуациялануда / Фото: Видеодан кадр

Құтқарушылар Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген өзенінің бойында және «Түргенсай» демалыс аймағында демалып жатқан туристерді эвакуациялауда, деп хабарлады аудандық әкімдік.

Қатты жауған жаңбыр мен өзендегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан Түрген – Асы автожолының 25-шақырымындағы учаскесін су басты.

«Сондай-ақ Түрген өзенінің бойындағы учаскелердің су астында қалуы тіркелді, онда 6-9 шақырымдарда алты киіз үй және «Түргенсай» демалыс аймағы орналасқан. Қолдан жасалған жаяу жүргіншілер көпірлері ішінара зақымдалған», – деп хабарлады Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі.

Бұдан бөлек, ҮАК (Үлкен Алматы каналы) бойындағы көпірдің жанында топырақтың шайылуы орын алды.

«Қазіргі уақытта туристік нысандар мен туристік аймақтарда болған туристерді эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Жағдай бақылауда, су басу зардаптарын жою және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті іс-шаралар жүргізілуде», – деп мәлімдеді әкімдік.

Оқиға орнында Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділов пен аумақтық бөлімшелердің, полицияның, төтенше жағдайлар қызметтерінің басшылары бастаған жедел штаб ұйымдастырылды.

Айта кетейік, осыған дейін өзендегі судың көп болуына байланысты Қаскелең шатқалындағы көпірге зақым келгені туралы жазған едік