
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) шілде айында CPC Blend маркалы мұнай экспортын тәулігіне шамамен 1,6 млн баррельге дейін қысқартпақ. Бұл маусым айына көзделген 1,7 миллион баррель көрсеткіштен 6%-ға аз. Reuters агенттігінің жазуынша, экспорттың төмендеуіне Қазақстанның ірі мұнай-газ кен орындарының бірі – Қарашығанақтағы өндірістің азаюы себеп болған.
Қарашығанақ кен орнынан шығатын мұнай мен газ конденсаты негізінен КҚК жүйесі арқылы экспортқа жөнелтілсе, шикі газ Ресейдегі Орынбор газ өңдеу зауытына (ГӨЗ) жіберіледі.
Алайда 24 маусымда Орынбор ГӨЗ-іне украин дрондары шабуыл жасаған соң, Қарашығанақта мұнай-газ өндірісі айтарлықтай кеміді.
ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәлімдеуінше, кен орнындағы өндіріс көлемі әдеттегі 34 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін құлдыраған.
Ал 30 маусымда «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов Қарашығанақтағы өндіріс әлі толық қалпына келмегенін растады. Мұндай жағдай өткен жылдың қазан айында да орын алған. Ол кезде де Орынбор зауытына жасалған соққылардан кейін Қарашығанақтағы өндіріс 25-30%-ға төмендеген еді.
Айта кетерлігі, бұған дейін құбырлың маусым айындағы экспорт графигі керісінше 17%-ға көбейген еді. Бұған тағы бір ірі кен орны – Қашағандағы жоспарлы жөндеу жұмыстарының келесі жылға шегерілуі негіз болды.
Дегенмен қазіргі уақытта нарық қатысушылары мұнай өндірушілердің экспортты арттыруға деген ынтасының төмендеуін тағы бір фактормен байланыстырады. Ормұз бұғазы арқылы кеме қатынасы қайта жанданған соң, Таяу Шығыстан шикізат жеткізілімі артады деген үміт пайда болды. Бұл әлемдік мұнай бағасының арзандауына алып келді.
Қазақстанның бүкіл мұнай экспортының 80%-дан астамы осы құбыр арқылы тасымалданады.
Шикізаттың негізгі бөлігі Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан алынып, Новороссийск маңындағы Оңтүстік Озереевка терминалында танкерлерге тиеледі. КТК-ның негізгі акционерлері: Ресей (31%), Қазақстан (20,75%), американдық Chevron корпорациясы (15%) және бірнеше жекеменшік компаниялар.