Қоғам

Сұлтан Сәрсемәлиевке тағылған айып қатаңдады: іске жаңа баптар қосылды

Defiant defendant watches exhumation video of murdered family in Atyrau
Тағылған айып қатаңдады/ фото: KURSIV MEDIA YouTube каналы, бильд-редактор: Дастан Шанай

Атырау сотында 2026 жылдың 30 маусымында Сұлтан Сәрсемәлиевтің әрекетіне қатысты жаңа айыптау актісі оқылды. Соған сәйкес, Мейрамгүл Қарабалинаның қазасына қатысты бапқа тағы екі тармақ қосылды. Сондай-ақ айыптау актісінен жазасын жеңілдететін мән-жайлар – жасаған әрекетіне өкінуі мен бес баласының барын ескеру бөлігі алынып тасталды.

Қорғануға қауқарсыз адамды өлтірген

Тергеу дерегіне сәйкес, Сұлтан Сәрсемалиев әуелі қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті өлтірген. Ал қайын атасы Мақсот Қарабалин мен қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны бірінші қылмыстың ізін жасыру мақсатында пышақтаған. Бұл әрекет қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 10-тармағында көрсетілген – басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатында екі немесе одан да көп адамды өлтіру.

Сотталушының қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны пышақтаған тұсына қатысты да айып өзгерді. Сот тергеуінде оның дәрменсіз күйде болғаны, яғни психикалық ауруы мен мүгедектігіне байланысты қарсыласуға, өзін қорғауға қауқарсыз болғаны анықталды. Бұл қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 3, 10-тармағында көрсетілген. Одан бөлек Мейрамгүлдің қазасына қатысты басқа екі тармақ өзгеріссіз қалды. Олар: қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5 және 13 тармағы (аса қатыгездiкпен бірнеше рет жасалған адам өлтіру әрекеті).

Интернет-алаяқтық бабы қосылды

Туыстарын өлтіргеннен кейін Сәрсемалиев ұзақ уақыт бойы олардың қаражатын пайдаланған. Қайтыс болғандардың зейнетақысы мен мүгедектікке байланысты жәрдемақысын алып отырған. Бұл әрекет интернет-алаяқтық ретінде сараланып отыр.

Ал қаза тапқандардың малын сату «мал ұрлығы» бабы бойынша қайта сараланған.

Бұған дейінгі сот отырысында Сұлтан Сәрсемәлиев өзіне тағылған айыпты мойындап, әрекеті үшін өмір бойы түрмеде отыруға дайын екенін мәлімдеді.