Жаңалықтар

Қазақстанда қай банктер ипотека бермейді

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қазақстанда ипотекалық несие беретін банктердің саны азайып келеді. Кейбір банктер жаңа өтінімдерді қабылдамайтын болса, енді бірі ипотеканы тек жекелеген клиенттерге ғана рәсімдейді. Осыған байланысты Krisha.kz мамандары елдегі ірі банктердің қазіргі жағдайын нақтылап анықтады.

Қай банктерде ипотека рәсімдеу мүмкін емес

ForteBank

ForteBank жаңа ипотекалық несиелерді беруді уақытша тоқтатқан. Банк әзірге мұның себебін де, ипотекалық бағдарламаның қашан қайта іске қосылатынын да жарияламады.

Еуразиялық банк

Еуразиялық банк жаңа ипотекалық несиелер бермейді.

Алайда банк:

  • қолданыстағы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруды;
  • «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие рәсімдеуді жалғастырып келеді.

Ал нарықтық шарттармен берілетін ипотекалық бағдарламалар әзірге қолжетімсіз.

Freedom Bank

Бұл банкте бастапқы нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға арналған бірнеше ипотекалық бағдарлама жұмыс істейді.

Ал екінші нарықтағы баспананы сатып алуға ипотека тек банктің жалақы жобасына қатысатын клиенттеріне ғана беріледі.

Krisha.kz мәліметінше, жалақы картасын жаңадан рәсімдеп, бірден ипотекаға өтініш беру мүмкін емес. Банктің талабына сәйкес, клиент кемінде үш ай бойы жалақысын осы банк арқылы алып жүруі қажет.

Бұл талап банктің тәуекелдерді бағалау саясатына және құрылыс компанияларымен бірлескен ипотекалық бағдарламаларды дамытуына байланысты болуы мүмкін.

Bank of China Kazakhstan

Bank of China Kazakhstan ипотекалық несие беруді 2026 жылдың соңына дейін уақытша тоқтатқанын хабарлады.

Қай банктер ипотека беруді жалғастырып жатыр

Қазіргі уақытта ипотекалық несие мына банктерде рәсімделеді:

  • Halyk Bank;
  • Банк ЦентрКредит;
  • Нұрбанк;
  • Bank RBK;
  • Altyn Bank;
  • Отбасы банк.

Еске салайық, бұған дейін ресми табысы жоқ азаматтарға қай банктер ипотека беретінін жазған едік.