
Ресей Федерациясы Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко елдегі жанармайға қатысты жағдайдың күрделі екенін мойындады.
TRT ақпаратына қарағанда, ол «аһылап-үһілей бермей, бірге шешім табайық» деп тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды.
Оның айтуынша, вице-премьер Александр Новак жетекшілік ететін үкіметтің жұмыс тобы жанармай нарығындағы ахуалды тұрақтандыру үшін күн сайын шешімдер әзірлеп жатыр. Матвиенко бұл мәселені шешуге уақыт қажет екенін айтты.
Бұған дейін Владимир Путин де елде бензин мен дизель отынына қатысты қиындықтар бар екенін, кейбір жанармай құю бекеттерінде кезек пайда болып, жекелеген отын түрлерінің тапшылығы байқалғанын мәлімдеген.
Ресей Энергетика министрлігінің дерегінше, қазіргі уақытта елдегі жанармай қоры – 1,7 миллион тонна.
Айта кететін жайт, көршілес Ресейдегі жанармай тапшылығы Қазақстандағы күзгі жиын-терін науқаны мен азық-түлік бағасына кері әсерін тигізбейді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мемлекет тарапынан бөлінетін арзан дизельдің арқасында елдегі егіс жұмысы мен баға тұрақты болатынын айтты.