Жаңалықтар

Алматы-Қорғас жолындағы апатқа себепші болған полицей қанынан ішімдік табылды

Алматы-Қорғас жол апаты,
фото ЖИ арқылы өңделді

Алматы-Қорғас тас жолындағы үш адам қайтыс болған апатқа себепші болған жүргізушінің қанынан ішімдік табылды. Бұл туралы марқұмның әпкесі Гүлзана Тұрдыиева жазды.

«Бүгін біз тергеу мәліметінше Haval көлігінің рөлінде отырған адамның есімін жариялауды жөн көрдік. Ол Абылай Жарылқасынұлы – полиция қызметкері, майор, 15 жылдан астам ішкі істер органдарында қызмет еткен, тіпті бір кездері ерлігі үшін мараптталған. Бірақ оның ешқандай ерлігі, марапаты да үш адам қайтыс болған жол апатына себепші деген айыбын жоққа шығара алмайды. Заң алдында барлығы бірдей тең болуы керек. Іс материалдары бойынша, күдіктінің қанынан 3,3 промилле көлемінде этил спиртінің концентрациясы анықталды», – деп жазды Тұрдыиева.

Ашық деректердегі медициналық талдау бойынша, 3,3 промилле алкоголь табылуы ішімдіктен өте ауыр дәрежеде улануды білдіреді.  3,3 промилле концентрацияға жету үшін адам бір литрге жуық таза арақ (40%) немесе 7-8 литр сыра (5%) ішуі керек.

«Мұндай жағдайда адам айналасындағы жағдайды дұрыс бағамдай алмайды, дене қимылын басқара алмайды. Бірақ оған қарамастан ол рөлге отырып, тергеу нұсқасы бойынша, қарама-қарсы бағытқа шығып, жол апатына себепші болды. Біз тергеу әділ өтеді, ешқандай қысым болмайды деп сенеміз. Оның бұрынғы еңбегі ақталып шығуына себеп болмауы керек дейді», – марқұмның туыстары.

Бұған дейін Kursiv Media-ға берген сұхбатында Гүлзана Тұрдыиева рөлде отырған адам полицей болғанын айтқан еді. Абылай Жарылқасын есімді 37 жастағы азамат Шелек аудандық полиция бөлімінде жұмыс істеген.

Еске салайық, 23 маусымда Алматы – Шелек – Қорғас автожолының 132-шақырымында жол апаты болды.  Audi 100 мен қарама-қарсы бағытқа шыққан Haval машиналары соқтығысқан. Audi көлігінде отырған жүргізуші, жұбайы және олардың үлкен қызы, жиырма жастағы келіншек сол жерде қайтыс болды. Одан бөлек көлікте 14 және 18 жастағы екі бала және келіншектің 10 айлық сәбиі де отырған. Олар да түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Ал 24 маусымда марқұмдар жер қойнауына тапсырылды.