Жаңалықтар

Астана әуежайы 1 тамыздан бастап автотұрақ тарифтерін өзгертеді

Астана әуежайы 1 тамыздан бастап автотұрақ тарифтерін өзгертеді / Фото: airastana.com

Астана халықаралық әуежайында 2026 жылдың 1 тамызынан бастап қысқа мерзімді тұрақ тарифтері өзгереді, деп хабарлады әуе айлағының баспасөз қызметі.

Қысқа мерзімді тұрақтың құны сағатына 300 теңгені құрайды. Бұл қазіргі тарифтен 100 теңгеге жоғары. Әуежайдан атап өткендей, пайдалану шығындарының, тұрақ инфрақұрылымын ұстау және оны жаңғырту шығындарының өсуіне қарамастан, 2023 жылдан бастап баға сағатына 200 теңге деңгейінде қалып келген.

Сондай-ақ, әуежай тұрақ инфрақұрылымын дамытуды жалғастыруда. Қазіргі уақытта автокөліктерді ұзақ уақыт сақтауға арналған қосымша тұрақ аймақтарын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл аймақтардағы тұрақ құны сағатына 100 теңгені құрайды.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, бұл жолаушылар мен шығарып салушыларға көліктерді орналастырудың неғұрлым үнемді нұсқасын пайдалануға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, әуежайға келушілер үшін 100 орынға есептелген тегін тұрақ аймағы жұмысын жалғастыруда.

Сонымен қатар, азаматтардың жекелеген санаттары үшін қолданыстағы жеңілдіктер сақталады. Тұрақ ақысын төлеуден I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, сондай-ақ, Семей ядролық полигонындағы сынақтардың салдарын жоюға қатысушы мәртебесі бар азаматтар босатылады.

Әуежайдан атап өткендей, тұрақ инфрақұрылымын дамыту жолаушылардың жайлылығын арттыруға, вокзал маңындағы аумақта көлік ағынын оңтайландыруға және ыңғайлы әрі тиімді тұрақ нұсқасын таңдау үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған.

Айта кетейік, осыған дейін Астана халықаралық әуежайы алдағы жылдары жолаушыларға қызмет көрсету сапасы бойынша Skytrax рейтингінде әлемнің үздік 100 әуежайының қатарына кіруді жоспарлап отырғанын жазған едік.