Жаңалықтар

Бір ғасыр бұрын салынған вокзалдар жөнделіп, қайта ашылды

Құсмұрын теміржол вокзалы
Қайта түлеген ғимараттар салтанатты түрде ашылды / фото: Көлік министрлігі

Қазақстанда 30 теміржол вокзалы жөнделіп, есігін қайтадан айқара ашты. Олардың арасында бір ғасырдан астам уақыт бұрын салынған көне ғимараттар да бар.

120 жылдық тарихы бар вокзалдар

Елдегі теміржол вокзалдарының басым бөлігі 1950-1970 жылдары салынған. Дегенмен ғимараттардың кейбірі 100 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Олардың шамамен 70%-ы ондаған жыл бойы күрделі жөндеуден өтпеген.

Қазалы вокзалы
121 жылдық тарихы бар көне вокзал / фото: Көлік министрлігі

Мәселен, қайта ашылған отыз ғимараттың ішінде Қызылорда облысындағы үш вокзал – Шиелі (1904 жыл), Қазалы (1905 жыл) және Жаңақорған (1904-1906 жылдар) вокзал өткен ғасырдың басында салынған.

Абай облысындағы Белағаш вокзалының 112 жылдық, Ауыл вокзалының 97 жылдық тарихы бар. Ақмола облысындағы Макинка, Шортанды және Ақкөл вокзалдары 1929 жылы ашылған.

Кеңес заманындағы ғимараттар

Бұрынғы Кеңес одағы заманында салынған темірзол вокзалдар да айтарлықтай тозып қалған еді. Олардың қазіргі келбеті адам сүйсіндіреді.

Талдықорған вокзалы
Талдықорған возкалы / фото: Көлік министрлігі
Тайынша вокзалы
Тайынша вокзалы / фото: Көлік министрлігі

Жолаушылар үшін

Жөнделген вокзалдарда жолаушыларға арналған жағдай айтарлықтай жақсарды: қауіпсіздік пен жайлылық деңгейі артты, нысандардың өткізу қабілеті ұлғайды. Көлік министрлігінің мәліметінше, теміржол саласы қызметкерлері үшін заманауи еңбек жағдайы жасалды.

Ғимараттардың қасбеті мен шатыры жаңартылды, электр қуат үнемдейтін витраждар орнатылды. Жылу жүйелері, сумен жабдықтау, желдету, ауаны баптау, өрт қауіпсіздігі және бейнебақылау жүйелері жаңғыртылды. Құрылыс барысында негізінен отандық өндіріс материалдары пайдаланылды.

Кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Вокзалдарда пандустар, лифтілер, бейімделген кіреберіс аймақтары мен санитарлық бөлмелер, тактильді жолақтар және арнайы касса аймақтары жабдықталды. Нысан санатына қарай ана мен бала бөлмелері, медициналық пункттер, сақтау камералары қарастырылып, жолаушылар ағынын тиімді ұйымдастыру үшін үй-жайлар қайта жоспарланды.

Көлік министрлігі елдің барлық өңірінде жолаушылар инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартуды көздеп отыр. Мәселен, маусым айының аяғында ғана Астана қаласында ескі вокзалдың төбесі опырылып құлап түскен.