
3 шілдеден бастап Қазақстанда докторантураға түсу емтиханына қатысу үшін өтініштер қабылдау басталады. Құжаттарды 3 тамызға дейін тапсыруға болады, деп хабарлайды Ғылым министрлігі.
Емтихандардың өзі 4-20 тамыз аралығында өтеді. Ұлттық тестілеу орталығының сайтында тіркелу қажет. Түсу кезінде тек бір жоғары оқу орнын және білім беру бағдарламаларының бір тобын таңдауға болады.
3 тамызға дейін тапсыру қаласын, тілін немесе бағдарламасын өзгертуге мүмкіндік бар. Тестілеудің өтетін орны мен уақыты туралы ақпарат жеке кабинетте 9 тамызда пайда болады.
Түсу емтиханы әңгімелесу, эссе және бейіндік емтихан сұрақтарынан тұрады. Максималды нәтиже – 100 балл: 30 балл – әңгімелесу, 20 – эссе жазу үшін және 50 – бейіндік сұрақтар. Грантқа немесе ақылы оқуға түсу үшін кемінде 75 балл жинау керек.
Түсу үшін, сондай-ақ, ҚАЗТЕСТ сертификаты және шет тілін білу деңгейі B1-ден төмен емес екенін растайтын сертификат қажет болады.
«Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау», «Музыка мұғалімдерін даярлау», «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау», «Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» бағдарламалары бойынша түсушілер үшін ерекшелік жасалды.
TOEFL/ITP сертификаты бар тұлғалар түсу емтиханы басталғанға дейін ағылшын тілін білу деңгейін анықтайтын қосымша тестілеу тапсырады.
Осы жылдан бастап міндетті құжаттар тізімі өзгертілді. Енді ғылыми зерттеу жобасын (Research Proposal), зерттеу жоспарын, эссені және егер бар болса, соңғы үш жылдағы ғылыми жарияланымдар тізімін дайындау қажет.
Бейіні бойынша докторлар бағдарламасына, соның ішінде индустриялық PhD және DBA-ға түсушілер үшін бөлек ережелер қолданылады. Оларға шет тілін меңгеру деңгейін растау және түсу емтиханы кезінде эссе жазу қажет емес.
Мұндай бағдарламалар үшін максималды баға – 80 балл: 25 балл әңгімелесу үшін, 50 – бейіндік сұрақтар үшін алуға болады, тағы бес баллға дейін – егер бар болса, кәсіпорыннан немесе ұйымнан ұсыныс хат үшін беріледі. Шекті балл – кемінде 50.
Айта кетейік, осыған дейін докторантураны (PhD) грантта оқып бітіргендер мектептерде және басқа да білім беру ұйымдарында еңбек етіп, міндетті жұмыс мерзімін өтей алатынын жазған едік.