
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкінің (ИДБ) президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен кездесу өткізді. Келіссөз барысында тараптар еліміздегі ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды бірлесе жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Президент Ислам даму банкінің Қазақстан үшін көп жылдардан бері стратегиялық әрі сенімді серіктес болып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде бұл қаржы институты отандық экономиканың өркендеуіне елеулі үлес қосып отыр.
Ынтымақтастық пен жоспар:
Қазіргі уақытқа дейін Ислам банкі Қазақстанға 4,2 миллиард доллардан астамқаражат бөлген. Ал қазіргі таңда қолға алынған және болашақта іске асырылатын жобалар портфелінің құны 3 миллиард доллардан асады.
Соңғы уақытта ИДБ өз тарихындағы ең ауқымды қаржыландыру пакетін мақұлдады. Оның аясында мынадай ірі жобалар бар:
- Су ресурстарын дамыту бағдарламасына – 1,15 миллиард доллар;
- Арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық парктердің инфрақұрылымын дамытуға – 1,3 миллиард доллар.
Кездесуде тараптар 2027-2032 жылдарға арналған жаңа Стратегиялық серіктестік аясындағы өзара іс-қимыл жоспарларын пысықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев су инфрақұрылымы, көлік логистикасы және индустриялық секторды дамытуға бағытталған маңызды бастамаларға қолдау көрсеткені үшін банк басшылығына ризашылығын білдірді. Президент еліміздің ұзақмерзімді институционалдық серіктестікті нығайтуға және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға дайын екенін жеткізді.
Ауқымды халықаралық шара Қазақстанда өтуі мүмкін
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ислам даму банкі топтарының жыл сайынғы үлкен жиынын 2028 жылы Қазақстанда өткізу туралы ұсынысты мақұлдады. Бұл ауқымды инвестициялық форумға Банкке мүше мемлекеттердің өкілдері, ірі халықаралық инвесторлар мен қаржы институттарының жетекшілері қатысады деп күтілуде. Бұл шара еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жаңа серпін бермек.
Айта кетейік, осыған дейін Тоқаев VEON компаниялар тобының бас атқарушы директоры Мухтерем Каан Терзиоглуды қабылдаған еді.