Жаңалықтар

Каспий теңізінің тартылуын тоқтату мүмкін емес – Әзербайжан өкілі

shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Каспий теңізінің тартылу процесін тоқтату мүмкін емес, сондықтан оған тек қана бейімделу қажет.

Москва-Баку ақпаратына қарағанда, бұл туралы Әзербайжанның Су ресурстарын пайдалану және қорғауды қадағалау мемлекеттік қызметі басшысының орынбасары Алиага Азизов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Каспий теңізіндегі су деңгейі 1990 жылдардың ортасынан бері тұрақты түрде төмендеп келеді. Бұған климаттың өзгеруі, теңіз алабындағы жауын-шашынның азаюы, ауа температурасының көтерілуіне байланысты буланудың күшеюі және теңізге құятын өзендердің су көлемінің кемуі себеп.

Маманның мәліметінше, соңғы 5 жылда Каспий деңгейі шамамен 1 метрге, 10 жылда – 1,5 метрге, ал 30 жылда – 2,5 метрге төмендеген. Қазір теңіз деңгейі жыл сайын 20–30 сантиметрге азайып жатыр.

Азизовтың айтуынша, бұл жағдай порттардың жұмысына, кеме қатынасына, балық шаруашылығына, жағалау туризміне және теңіздегі мұнай-газ инфрақұрылымына айтарлықтай әсер етуде.

Сондай-ақ ол Каспийдегі су деңгейінің төмендеуін бірлесіп бақылау және оған бейімделу бойынша өңірлік ынтымақтастықтың құқықтық негізі биылғы жылдың соңына дейін әзірленуі мүмкін екенін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі соңғы 2,5 жылда Каспий теңізіне 35 миллиард текше метрден астам тұщы су құйылғанын хабарлаған болатын. Бұл көктемгі тасқындар мен су ағынын тиімді реттеудің арқасында мүмкін болған.

Ал 2026 жылдың басынан бері Каспий теңізіне 6,16 млрд текше метр су бағытталды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.