
Киберспорттан World Esports Championship 2027 әлем чемпионаты Астанада өтеді, деп хабарлайды Қазақстан киберспорт федерациясы.
«Қазақстан World Esports Championship 2027 турнирін өткізуші ел ретінде таңдалғанын, ал әлем чемпионаты өтетін орын Астана қаласы болатынын қуанышпен хабарлаймыз! Бұл еліміздегі киберспорттың дамуы үшін маңызды оқиға және әлемнің ең мықты құрамаларын Қазақстан топырағында қабылдау – үлкен мәртебе», – делінген хабарламада.
Әзірге чемпионаттың дәл қай уақытта өткізілетіні, іріктеу кезеңінің қашан болатыны, квоталар мен турнирлердің регламенті белгісіз. Федерация алдағы уақытта бәрін жария етенінін жазған.
World Esports Championship – бұл Халықаралық киберспорт федерациясы (IESF) өткізетін ұлттық құрамалар арасындағы киберспорттан жыл сайынғы әлем чемпионаты.
Айта кетейік, былтыр қыркүйек айында Сербияда өткен, жүлде қоры 1,25 млн долларды құрайтын ірі турнирде қазақстандық Данил Моргунов қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанған еді.