Жаңалықтар

Қазақстандағы алғашқы ЖИ университет қалай жұмыс істейді

фото: freepik

Қазақстандағы Qazaq AI Research University атты ЖИ-ға негізделген алғашқы зерттеу университеті биыл жұмысын бастайды. Оқу толығымен тегін, алғашында 500 студентке дейін оқыту жоспарланып отыр. Бұл туралы Шетелдік инвесторлар кеңесіне келген ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

«Оқу тегін, грант бойынша болады. Бакалавриат және магистратура бағдарламалары бар. Бакалавр төрт жыл, магистратураны екі жыл оқиды. Әзірге Араб әмірліктері, Шанхай және АҚШ-тағы жоғары оқу орындарымен бірге серіктес болады, екі-үш мамандық қана бар. Тәжірибе ретінде басталған оқу орны, сондықтан шағын институт болады», – деп түсіндірді министр.

Саясат Нұрбектің түсіндіруінше, университеттегі оқу процесіне ЖИ енгізіледі, бұл әлем бойынша енді ғана дамып жатқан білім моделі.

«Оқу процесі барынша қолданбалы форматта ұйымдастырылады. Студенттер жасанды интеллектіні экономиканың түрлі салаларына енгізуді үйренбек. Сондай-ақ, киберқауіпсіздік мәселесіне де өте үлкен көңіл бөлінеді. Басты міндет – жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығы, энергетика және көлік салаларына жүйелі әрі дұрыс енгізумен айналысатын кәсіби мамандар даярлау», – деді министр.

Қазақстанда ЖИ кадрларын дайындайтын Qazaq AI Research University ашылатыны туралы бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов айтқан еді. Жобаны Ғылым және жоғары білім министрлігі Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп жүзеге асыруы керек.