
Қырғызстан билігі де Қазақстан мен тағы бірнеше елден жанармай сұрады. Ресми Бішкек әлемдегі энергетика нарығындағы дағдарыстан қорқып, елде бензин тапшылығының алдын алғысы келеді.
Көрші ел мұнай өнімдерінің шамамен 90-95%-ын Ресейден импорттап отыр. Алайда федерация аумағының өзінде бензин тапшы болғандықтан, Бішкек басқа да жолдарын қарастыруға көшкен.
«Отын тапшылығын болдырмас үшін Ресей, Қазақстан, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан және Түркіменстан үкіметтеріне ресми өтініш жолданды. Жанармай сатып алу көздерін көбейту, халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейту бойынша келіссөз жүріп жатыр», – деп хабарлайды Қырғызстан энергетика министрлігі.
Бұған қоса, қырғыз үкіметі елдің Шу облысындағы мұнай өндеу зауытына бензин өндіруді ұлғайтуды тапсырып, жанармай қорына, баға мен логистикаға бақылауды күшейтті.
Үкімет қолға алған шараларға қарамастан, Қырғызстандағы жанармай құю бекеттерінде АИ-95 және АИ-98 бензиндері тапшы екені байқалып қалды. Соған байланысты Бішкек отын тасумен айналысатын компанияларға субсидия бөліп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ресей үкіметінің Қазақстаннан 50 мың тонна бензин сұрағаны мәлім болған. Алайда елдің энергетика министрлігі оны жоққа шығарып отыр.