
1 шілде күні Бейжіңдегі Халық жиналысы сарайында Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуына орай кең көлемдегі салтанатты жиын өтті. Осы айтулы іс-шара аясында мемлекет пен қоғамның дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға өлшеусіз үлес қосқан бірқатар тұлғалар марапатталды.
ҚХР төрағасы әрі Орталық әскери кеңестің төрағасы Си Цзиньпин елдің ең жоғары партиялық марапаты – «1 шілде» орденін иегерлеріне өз қолымен тапсырды. Осы жылы бұл мәртебелі марапатқа ие болған 8 азаматтың ішінде қазақ ұлтының өкілі, ардагер дәрігер Оқас Сүлеймен де бар.
Ат үстінде өткен 40 жыл: Халық дәрігерінің ерен еңбегі
Оқас Сүлеймен – шекаралық өңір тұрғындарының денсаулығы мен өмірін сақтауға бар саналы ғұмырын сарп еткен жан. Ол 40 жылдан астам уақыт бойы қол үзбей, ат үстінде жүріп, дәрі қобдишасын жанына серік етті. Алты ай қыс пен аптап ыстықта алыс қыстаулар мен жайлауларды аралап, медициналық көмек көрсетті.
Оқас Сүлеймен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Тарбағатай аймағына қарасты Шәуешек өңірінің Дөрбілжін ауданы мал шаруашылығы ауруханасында ішкі аурулар бөлімінің бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарған.
1975 жылдан бері есептегенде, 100 мыңнан астам науқасқа ем-дом жүргізген, бірнеше мың ауыр халдегі пациентті өлім аузынан алып қалған, 3 200-ден астам нәрестенің бұл дүниеге аман-есен келуіне септігін тигізген.
Ауылдық денсаулық сақтау саласын өркендетуге қосқан осы ерекше үлесі үшін Оқас Сүлеймен бұған дейін де «Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің үздік қызметкері», «Қытайдың 1 мамыр еңбек медалі» және «Ұлттар бірлігі мен прогресінің үздік қайраткері» сияқты жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталған.
«1 шілде» ордені: Тарихтан жазылған жаңа парақ
«1 шілде» ордені – Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары партиялық марапаты. 2017 жылдың 22 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген және 5 жылда бір рет қана мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше еңбек сіңірген партия мүшелеріне беріледі.
Орден тағайындалғаннан бері оған 2 миллиард халқы бар Қытай бойынша небәрі 37 адам ие болған. Ал Оқас Сүлеймен – аталған ең жоғары марапатты кеудесіне таққан тұңғыш ұлты қазақ азаматы болды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген продюсерлік еткен Voice Beyond Horizon музыка шоуының тұсаукесері бір тәулікте 102 млн көрермен жинап, Қытай рейтингінің көшін бастаған еді.