Жаңалықтар

Тоқаев VEON басшысымен кездесті – компания елге тағы 1 млрд доллар инвестиция салмақ

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VEON компаниялар тобының бас атқарушы директоры Мухтерем Каан Терзиоглуды қабылдады.

Ақорда ақпаратына қарағанда, кездесуде телекоммуникация нарығын дамыту, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы VEON-ның Қазақстанда ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап өтіп, компанияның отандық телекоммуникация саласы мен цифрлық экожүйенің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.

Тоқаев жасанды интеллект елдегі цифрлық трансформацияның жаңа кезеңінде экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналғанын айтып, VEON басшылығын заманауи есептеу инфрақұрылымын дамытуға және бұлтты сервистерді кеңейтуге белсенді қатысуға шақырды.

Өз кезегінде Мухтерем Каан Терзиоглу компанияның Қазақстандағы даму жоспарымен таныстырды. Оның айтуынша, VEON алдағы үш жылда елдегі бизнес көлемін екі есеге ұлғайтып, Қазақстан экономикасына қосымша 1 миллиард доллар инвестиция салуды көздеп отыр.

Сонымен қатар компания «Цифрлық Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруға қызығушылық танытып, Beeline Kazakhstan арқылы Астанада деректерді өңдеу орталығын (Data Center) салу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Кездесу қорытындысында Президент Қазақстанның инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға және өзара тиімді серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Мұның алдынжа Президент «Қазақстан Халық кеңесінің кейбір мәселелері туралы» жарлыққа қол қойған еді.