
Алматы облысындағы шатқалда нөсер жауын салдарынан Түрген өзені тасып, Ассыға апаратын жолды су шайып кетті. Құтқарушылар 58 адамды эвакуациялады
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, су басқан аймақта 17 киіз үй орналасқан. Бұған қоса, «Водник» бау-бақша серіктестігіндегі төрт аула аумағын су басты.
«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ құтқарушылары 58 адамды, оның ішінде 21 баланы және 8 шетел азаматын эвакуациялады», – деп таратты ТЖМ баспасөз қызметі.
Ешкім зардап шекпеген. Оқиға орнында құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеп жүр. Жағдай министрлік бақылауында екені хабарланды.
Су тасқыны салдарын жоюға 300 адам мен 44 бірлік техника жұмылдырылды.
Құтқарушылар Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы «Түргенсай» демалыс аймағында демалып жатқан туристерді бір күн бұрын эвакуациялай бастаған.