Жаңалықтар

Түрген шатқалындағы тасқын қаупінен 42 адам көшірілді

Фото: ТЖМ, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
Фото: ТЖМ, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Түрген шатқалында нөсер жауынның салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Қауіпті аймақтан 42 адам көшірілген.

112 kz ақпаратына қарағанда, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында нөсер жауын-шашынның салдарын жою жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізілуде.

«Жағдай ТЖМ тұрақты бақылауында. Төтенше жағдай туындаған сәттен бастап оқиға орнында жедел штаб құрылып, оның жұмысын Алматы облысы ТЖД бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Даурен Оразбеков үйлестірір жатыр», – делінген ақпаратта.

Су тасқыны салдарын жою жұмыстарына Алматы облысы ТЖД, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылған.

«Қазіргі уақытта арнайы техниканың көмегімен апаттық-қалпына келтіру жұмыстары, зақымданған автомобиль жолын тазарту және көлік қатынасын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр», – дейді ТЖД өкілдері.  

ТЖМ күштерімен 42 адам, оның ішінде 3 бала және 8 шетел азаматы эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ.

Кеше ТЖМ 58 адамды көшіргенін хабарлаған еді.