
Алматы хайуанаттар бағында кейінгі 20 жылда алғаш рет шайқағыш жанаттар төлдеді. Арчи мен Белла жұбы дүниеге үш күшік әкелді.
Қала әкімдігінің мәліметінше, күшіктер 2026 жылғы 27 сәуірде туған. Алғашқы айларда олар анасымен бірге ұяда тұрып, сыртқа шықпаған.
Белла төлдерін ерекше қамқорлықпен бағып, оларға ешкімді жолатпаған. Қазір күшіктер өсіп, өздігінен қозғала бастағандықтан, үлкен қоршауға шығып, айналаны қызығушылықпен зерттеп жүр.
Әзірге күшіктердің жынысы анықталмаған, сол себепті аты да кейінірек қойылады.
«Шайқағыш жанаттардың жаңа туған күшіктерінің салмағы небәрі 60-70 грамм болады. Олар соқыр әрі саңырау күйде дүниеге келеді және алғашқы апталарда толықтай анасына тәуелді болады», – дейді зообақ маманы Гаухар Сергибаева.
Оның айтуынша, осы кезеңде күшіктер тек ана сүтімен қоректенеді. Қазір олар біртіндеп ересек жануарлардың азығына үйреніп келеді. Рационында ет, балық, көкөніс, жеміс-жидек және сүйікті сұлы ботқасы бар.
Алматы хайуанаттар бағы қала тұрғындары мен қонақтарын жаңа туған жанат күшіктерін тамашалауға шақырды.
Айта кетейік, биыл мегаполис зообағында құйрықты лемур егіз туып, аққол гиббон да осындағы маймылдар санын көбейткен.