
Жыл басынан бері елордада 3 мыңнан астам адамның жоғалғаны туралы хабарлама тіркелген.
ІІМ ақпаратына қарағанда, олардың арасында кәмелетке толмағандар, ересектер және қарт адамдар бар. Кейбір азаматтар балық аулауға немесе серуендеуге шығып, кейін байланысқа шықпай қалады.
Елордада із-түзсіз жоғалған азаматтарды іздеу жұмыстарына дрондар белсенді қолданылып жатыр.
«Мұндай жағдайларда дрондарды пайдалану іздеу жұмыстарын едәуір жеделдетіп, аумақты тексеру уақытын қысқартады және күрделі жерлерде іздеудің тиімділігін арттырады. Бірқатар жағдайда әуе мониторингі жоғалған адамдарды табуға немесе олардың болуы мүмкін аумақты нақтылауға көмектескен», делінген ақпаратта.
Іздеу жұмыстарына заманауи технологиялармен қатар полиция қызметкерлері мен қызметтік иттер де тартылады.
Полицияның мәліметінше, техникалық құралдарды пайдалану жоғалған адамдарды іздеу тиімділігін арттырып, азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Айта кететін жайт, Жамбыл облысында бір отар қойымен бірге жоғалып кеткен қойшы табылды.