Жаңалықтар

«Боранбаевқа бағындым»: Темірлан Анарбеков Еуропа клубтарынан ұсыныс түскенін айтты

фото: видеодан скрин

«Қайрат» футбол клубы мен Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбеков «Бизнес под капотом» подкастына берген сұхбатында Еуропа тарапынан болған қызығушылықтар туралы ашық айтты.

Еуропалық агенттердің қызығушылығы

Сұхбат барысында Темірлан өзіне шетелдік топ-агенттерден тікелей ұсыныстар түскенін жасырмады. Оның айтуынша, еуропалық нарықта оның ойынына қызығушылық танытып, нақты клубтардың нұсқаларын ұсынғандар болған.

«Топ-агенттер де шықты. Олар өзіндік талаптар қойып, осындай клубтар шығып жатыр деп айтты», – дейді жас қақпашы.

Дегенмен, Анарбеков басқа футболшылар сияқты өз бетінше немесе сыртқы агенттердің көмегімен шешім қабылдауға асықпаған.

«Қайрат Советайұлының шешіміне сендім»

Темірлан өзінің «Қайрат» клубының тәрбиеленушісі екенін және клуб басшысы Қайрат Боранбаевпен арадағы ерекше сенімді алға тартты. Ол өзіне келген барлық ұсыныстарды тікелей басшылыққа бағыттағанын атап өтті:

«Мен «Қайрат» клубына тиесілі болғандықтан, Қайрат Советайұлына бағындым. Сол себепті де Қайрат Саветайұлы: «Өзім шешем, ойыңды бөліп, уайымдама», – деді. Мен оған толық сендім».

Футболшының айтуынша, қазіргі уақытта оның бар назары тек алдағы маңызды ойындар мен өз деңгейін көрсетуге бағытталған. Сырттан келетін алып-қашпа әңгімелер мен трансферлік қысымдардың ойынға кедергі келтіргенін қаламайды.

YouTube video player

Айта кетейік, жақында «Қайрат» футбол клубының тағы бір жұлдызы Дастан Сәтбаев «Челсиге» ауысып, Лондондағы алғашқы жаттығуына Қайрат Боранбаевтың өзі барды.