
3 шілдеде Иранның бұрынғы Жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеидің мәйіті салынған табыт Тегерандағы «Имам Хомейни Мусалла» орталық мешітіне жеткізілді. Жұма күні ірі лауазым иелері мен шетелден келген мәртебелі қонақтар марқұммен қоштасуға мүмкіндік алады.
Иран астанасындағы ең үлкен діни кешен төрінде бес табыт тұр. Аятолла Әли Хаменеи сүйегі жоғарырақ, ал туыстарының мәйіттері оның қасына қойылды. Биыл ақпанның аяғында Тегерандағы резиденцияға жасалған соққыдан аятолламен бірге оның қызы, күйеу баласы мен немере қызы опат болған. Бес табыт Иран туымен қапталған.

Орталық мешіттегі азалы рәсімге әлемнің 30-дан астам елінен келген ресми мемлекеттік делегациялар, 90-нан астам елден діни қайраткерлер мен ғалымдар келді.
Аятолламен қоштасу жеті күнге созылады. Негізгі рәсім 4 шілдеде басталады. Сенбі күні қарапайым мұсылмандар үшін Мусалла мешітінің есігі ашылады. Діни орталықтағы аятолламен қоштасу екі күнге созылады.
Ал 6 шілдеде Тегеранның орталық көшелерінде ауқымды аза тұту шеруі ұйымдастырылады.
Жаназа рәсімі 7 шілдеде Иранның діни орталығы – Құм қаласында жалғасады. 8 шілдеде мәйіт Наджаф және Кербала қалаларына жеткізіледі.
Аятолла Әли Хаменеи 9 шілдеде жерленеді. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі аятолла туған Мешхед қаласында өтеді. ол Имам Реза кесенесінің аумағына жерленеді. Мешхедтегі ауқымды діни ғұрыпқа 10 миллионға дейін адам жиналуы мүмкін.
Хаменеи Иранды 36 жылдан астам уақыт басқарды. Ол билікке 1989 жылғы маусымда келді. Рухани көсемнің билігі 2026 жылғы 28 ақпанда аяқталды. Сол күні АҚШ және Израиль күштері Тегерандағы резиденцияға әуеден соққы жасап, 86 жастағы аятолла қаза тапты.
Наурыздың басында марқұмның ұлы Сейед Моджтаба Хосейни Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы көсемі қызметіне сайланды.