
Алматылық «Қайрат» футбол клубының жанкүйерлері үшін көптен күткен сәт туды. Халықаралық аренадағы жаңа еурокубок маусымы басталғалы тұр.
8 шілде күні сағат 20:00-де Алматының Орталық стадионында «Қайрат» клубы черногориялық «Сутьескаға» қарсы маңызды кездесуін өткізеді. Билеттері ресми түрде сатылып жатыр.
Билет бағалары қандай?
Билет құны стадион трибуналарына байланысты бекітілген. Сондай-ақ клуб абонемент иелері үшін арнайы жеңілдіктер қарастырған.
| Трибуна | Стандартты баға | Абонемент сатып алушылар үшін баға |
| Солтүстік / Оңтүстік | 5 000 тг | 1 500 тг |
| Шығыс | 10 000 тг | 3 000 тг |
| Батыс | 15 000 тг | 5 000 тг |
Билетті қайдан сатып алуға болады?
Ұйымдастырушылар жанкүйерлердің қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін билет сатып алудың арнайы тәртібін бекітті:
Билеттерді тек Qairat SuperApp және Freedom SuperApp мобильді қосымшалары арқылы ғана онлайн сатып алу мүмкіндігі бар. Билетті рәсімдеу барысында міндетті түрде ЖСН көрсетілуі тиіс. Сатып алынған билеттер кері қайтарылмайды.
Клуб басшылығы жанкүйерлерді билеттерді қолдан немесе бейресми тұлғалардан сатып алмауға шақырады. Алыпсатарлардан алынған билеттердің күші ресми түрде жойылады және онымен стадионға кіре алмайсыз.
Сондай-ақ, стадион алдында ұзын-сонар кезекке тұрып қалмау және тексерістен асықпай өту үшін матч басталардан 2–3 сағат бұрын келу ұсынылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков Еуропа клубтарынан ұсыныстар түскенін айтқан еді.