
Францияның оңтүстігінде қатты ыстықтан өрт шығып, үш мыңға жуық адам эвакуацияланды. Қазір елдің оңтүстігі, оңтүстік-батысындағы бірнеше жерде өрт болып жатыр.
Ел премьер-министрі Себастьян Лекорнюдың сөзінше, Сент-Мари-ла-Мер, Прованс – Альпі – Лазурлы жағалаудағы жағдай қауіпті. Өрт сол аймақтағы ондаған автофургон мен бунгалоларды құртқан.
Окситания аймағындағы жалын тіпті өршіп жатыр. Ол жерде 9 мың шаршы метр жер өртенді. Отты өшіруге 800 құтқарушы, 150 техника және бірнеше өрт сөндіру ұшағы жұмылдырылды. Бірақ қатты жел жұмысты одан әрі қиындатып жатыр дейді құтқарушылар.
Марсельде өткен баспасөз мәслихатында премьер-министр Лекорню тек 1 шілденің өзінде бүкіл Франция бойынша 12 шаршы шақырым жердің өртеніп кеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, өрт маусымы басталғалы бері ел аумағында 7 мыңға жуық өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 87 шаршы шақырым жер күлге айналған.
Франциядағы бұл алапат өрттер маусым айында 11 күнге созылған рекордтық ыстықтың салдарынан туындап отыр. Ол кезде көптеген өңірлерде ауа температурасы 40°C-тан жоғары көтерілген. Тіпті қатты ыстықтан Парижде бір тәулікте 109 адам қайтыс болды, қырық шақты адам суға кетті.