Жаңалықтар

Қазақстандағы ең бай адам Астана қаржы орталығында жаңа компанияны тіркеді

Фото: kursiv.media архиві

Қазақстандық танымал кәсіпкер, Kaspi-дің ірі акционері әрі Alatau City Bank-тің жалғыз иесі Вячеслав Ким «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) аумағында United Group Alatau Ltd. атты холдингтік компанияны ресми түрде тіркеді. 2 шілдеде есептік тіркеуден өткен жаңа құрылымның жарғылық капиталы 10 миллион теңгені құрайды.

Жалғыз акционер ретінде Вячеслав Ким көрсетілсе, бас директор қызметіне Айнұр Дәрменова тағайындалған.

Жаңа компанияның атауы мен құрылу сипатына қарап, сарапшы Арман Батаев бизнесмен Alatau City Bank акцияларын басқаратын холдингтік құрылымды АХҚО заңнамалық аясына көшіруді жоспарлап отыр деп болжайды.

Бұл қадам отандық ірі қаржы топтары арасында қалыптасып үлгерген үрдіске сай келеді. Осыған дейін Қазақстанның банк секторындағы өзге де ірі ойыншылар, атап айтқанда Halyk Bank-тің мажоритарлық акционерлері Тимур мен Динара Құлыбаевтар, сондай-ақ RBK Bank иесі Владимир Ким өз активтерін АХҚО юрисдикциясына ауыстырған.

Forbes мәліметі бойынша дәулеті 7,8 миллиард долларға бағаланған Вячеслав Ким Қазақстанның ең бай адамдарының тізімін бастап тұр.

Бұған дейін Alatau City Bank мемлекеттен алған көмегінің 125,3 млрд теңгесін мерзімінен бұрын қайтарғанын мәлімдеді.