Жаңалықтар

Қазақстандағы қуатты ЖИ кластері: Тимур Турлов жобаның жай-жапсарын жариялады

ИИ кластер
Фото: Цифрлық даму министрлігі

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жасанды интеллектінің ауқымды кластерін құру жоспарланып отыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы аясында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, халықаралық Citi корпорациясы және Freedom Holding Corp. арасында өзара түсіністік туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Меморандумға қол қойылғаны туралы ЖИ және цифрлық даму министрлігі хабарлады.

Жаңа инфрақұрылым: GPU-есептеулеріне көшу

Серіктестіктің негізгі міндеті – озық технологиялармен жабдықталатын және мемлекеттік сектор, бизнес пен ғылым үшін «ми орталығы» рөлін атқаратын деректерді өңдеу орталығын салу. Жоба Freedom AI Super Cluster деп аталды.


Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры (CEO) Тимур Турлов мемлекеттің цифрландыру мәселесіне қатысты әрекетінің жүйелілігін атап өтіп, есептеу базасын жаңартудың өмірлік маңызына баса назар аударды.

«Технологиялық дербестікке бет бұру және Қазақстанды цифрлық державаға айналдыру бағыты ең жоғары деңгейде нақтыланған, ал біз қол қойып отырған меморандум – осы бағыттағы нақты қадам. Сонымен, қазір жаңа технологиялық дәуір қалыптасып жатыр: егер бұрын бәрі стандартты CPU-есептеулеріне негізделсе, қазір инфрақұрылымның мүлдем басқа класы – жасанды интеллект міндеттеріне бейімделген, деректер орталықтарына, салқындату мен энергиямен жабдықтауға мүлдем басқа талаптар қоятын GPU-кластерлері қажет», — деп мәлімдеді холдинг басшысы.

Қашан іске асады?

Суперкластердің бірінші кезеңін іске қосу 2027 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Екінші және үшінші кезегі 2027–2028 жылдары жүзеге аспақ.

Тимур Турловтың айтуынша, мұндай сервер қуаты бүгінде АҚШ-тың лицензиял шектеуі мен құыны қымбаттығына байланысты сатып алу қиын, алайда оларға деген сұраныс артып келеді.

«Біздің міндетіміз — осы инфрақұрылымды ұсыну: ол жасанды интеллект міндеттері үшін ауадай қажет, онсыз бизнестің де, мемлекетіміздің де алға жылжуы мүмкін емес», — деп атап өтті Тимур Турлов


Оның айтуынша, кластер дербес деректерді қорғауға қатысты қазақстандық ережелерге толық сәйкес жұмыс істейді. Ол банктер мен мемлекеттік институттар үшін қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сонымен қатар холдинг шетелдік клиенттерді тарту үшін Data Embassy салып жатыр.

Мемлекет пен халықаралық серіктестердің ұстанымы

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл жоба экономиканың жаңа түріне көшуді қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Оның сөзінше, республика үшін тек технологияларды тұтынушы ғана болу жеткіліксіз: ел ішінде жеке AI-шешімдерді әзірлеу үшін жағдай жасау өте маңызды.

Өз кезегінде, Citi корпорациясының мемлекеттік сектормен жұмыс жөніндегі жаһандық басшысы Стефани фон Фридебург қаржыландырудың инновациялық тәсілдерін бағалауға дайын екенін растады. Корпорация Қазақстанның технологиялық позицияларын нығайту үшін өз тәжірибесі мен халықаралық капиталға қолжетімділігін пайдалануды көздеп отыр.

ЖИ-кластерін құрумен қатар, келісім цифрлық активтер экожүйесін қалыптастыруды да қарастырады. Тараптар блокчейн-шешімдер негізінде цифрлық банкинг және трансшекаралық есеп айырысулар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті.

Freedom Holding Corp. компаниясының OpenAI және NVIDIA сияқты әлемдік жетекші технологиялық алпауыттармен ынтымақтастықта іс-тәжірибесі бар.

Бұған дейін, 2025 жылдың қарашасында, Тимур Турловтың холдингі NVIDIA корпорациясымен бірлесіп жасанды интеллектінің бейінді орталығын құруды жоспарлап отырғаны жарияланған. Бұл инфрақұрылымдық жобаның жалпы құны 2 миллиард долларға бағаланады.