Жаңалықтар

Ресейдегі жанармай дағдарысы Қазақстан нарығына қалай әсер етеді

Фото Жанболат Мамышев, бильд-редактор Серикжан Ковланбаев

Ресейдегі жанармай дағдарысы Қазақстанға қалай әсер етеді. Белгілі экономист Айдархан Құсайынов бұл мәселені уақытша қиындық деп санайды. Оның ойынша, нарықта ешқандай жүйелі қауіп жоқ. Ал оның әріптесі Алмас Чукин бұл пікірмен келіспейді. Ол отын тапшылығының салдары өте ауыр болатынын және қарапайым халықтың қалтасына тікелей соққы болатынын ескертеді.

Айдархан Құсайыновтың пайымдауынша, көрші елдегі мұнай өңдеу қуаты жаппай төмендеп кеткен жоқ. Негізгі мәселе өнімді аймақтарға жедел жеткізе алмаудан, яғни логистикадан туындап отыр.

Ресей — ірі мұнай экспорттаушы ел, сондықтан сыртқа өнім шығаруға тыйым салудың өзі ішкі нарықты жылдам реттейді. Тіпті ішкі зауыттарда үлкен қиындық туса да, шикі мұнай өндірісі тоқтамайды. Бұл мұнайды Қытай зауыттарында толлинг және своп келісімдері арқылы өңдеуге болады.

Инфрақұрылымдық кедергілер болғанымен, оларды толық шешуге мүмкіндік бар. Бұл шаралар жанармайды сәл қымбаттатуы мүмкін, бірақ ол халыққа қатты сезілмейді. Сонымен қатар, Ресейдегі бензин бағасының жоғары болуы салық саясатына байланысты.

Мемлекет арнайы салық тетіктері арқылы бағаны икемді реттеп отыр. Сондықтан жағдайды асыра сілтеп «нашар» деп көрсету тек геосаяси турбуленттілік кезеңіндегі кезекті сын-қатерді еңсеру риторикасы үшін ғана қажет.

Ал сарапшы Алмас Чукин digitalbusiness.kz басылымына берген сұхбатында қазіргі ахуалды жұмсартып «тапшылық» деп атауға немесе оны тұтынушылардың сұранысынан көруге мүлдем қарсы.

Оның айтуынша, бұл – өте ауқымды мәселе. Бензин мен дизель отыны – бүкіл көлік жүйесі мен техниканы жүргізіп отырған негізгі энергия көзі.

Әсіресе маусымдық жұмыс кезінде орасан зор отын тұтынатын ауыл шаруашылығы бұдан қатты зардап шегеді. Кез келген тауар тұтынушыға жеткенше міндетті түрде жүк көлігімен тасымалданады.

Демек, отын дағдарысы елдегі барлық салаға тізбекті әсерін тигізеді. Осылайша, мұнай өнімдерінің жетіспеушілігі қоғам өмірінің әрбір саласын шарпып, соңында қарапайым халықтың әмиянына үлкен салмақ салады.

Бұған дейін Энергетика министрлі Ресей сұраса, Қазақстан бензин сатуға дайын екенін жеткізген. Дегенмен шекарада ірі жүк көліктері отынды Қазақстаннан толтырып құйып алып жатыр.

Ресейдегі отаны дағдарысы Орталық Азия елдері, атап айтқанда Қырғыстан мен Өзбекстан нарығына әсер етіп жатыр. Қырғызстан Қазақстаннан отын сұраса, Өзбекстанда жанармай бағасы қатты шарықтап кетті.

Ресей Федерациясы Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко елдегі жанармайға қатысты жағдайдың күрделі екенін мойындады.

TRT ақпаратына қарағанда, ол «аһылап-үһілей бермей, бірге шешім табайық» деп тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды.