
Solidcore Resources Plc алтын өндіруші компания (бұрынғы Polymetal International) Ертіс гидрометаллургиялық комбинатының (ЕГМК) құрылысын жүргізу үшін 600 миллион доллар қарыз алды.
Компания таратқан мәліметке сүйенсек, бұл қаржыландыру бағдарламасы аясында Еуропа қайта құру және даму банкінен (ЕҚДБ) 10 жыл мерзімге 300 миллион доллар несие желісі алынған.
Сонымен қатар ING, Société Générale және ADCB банктерінің әрқайсысы 100 миллион доллардан бөлген, жалпы сомасы 300 миллион долларды құрайтын синдикатталған несие желісі тартылды.
Бұл желінің алғашқы мерзімі бес жылды құрайды, оны жеті жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Келісімде несие желісінің көлемін тағы 300 миллион долларға дейін арттыру құқығы да қарастырылған.
Кредит бойынша жеңілдік кезеңі 36 айды құрайды. Ал негізгі қарызды өтеу құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, яғни 2029 жылы басталады. Бұған дейін компания KfW IPEX-Bank-пен де жеті жыл мерзімге 100 миллион долларға дейінгі несие желісін ұсыну туралы алдын ала келісімге қол қойған болатын.
Ертіс бойындағы зауыт – құрамында алтыны бар қиын өңделетін концентраттарды автоклавты тотықтыру тәсілімен өңдейтін Қазақстандағы тұңғыш толық циклді ірі кешен.
Бұл жоба Павлодар арнайы экономикалық аймағының аумағында жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жылына 300 000 тоннаға дейін алтын концентраттарын өңдеп, Қызыл кен орны мен сырттан әкелінетін шикізаттан жыл сайын 500 000 унцияға дейін Доре қорытпасындағы алтын өндіреді.
Жоба шығыны шамамен 1 миллиард долларға бағаланып отыр, ол компанияның өзіндік операциялық ақша ағыны мен тартылған несие қаражат есебінен қаржыландырылады. Қазіргі уақытта зауыттың іргетасы қаланып жатыр.
Сондай-ақ кешен мен оның инфрақұрылымдық нысандарының құрылысына қатысты мемлекеттік сараптама қорытындысы, яғни негізгі рұқсат қағазы алынды. Бүгінде құрылыс алаңына негізгі технологиялық жабдықтарды жөнелту жұмыстары басталып кетті.
Solidcore компаниясы 2023 жылы Джерси аралынан Қазақстанға көшіп, акцияларын Лондоннан осында ауыстырған болатын. 2026 жылдан бастан акциялары Қазақстан қор биржасында саудалана бастады.
Ал 2024 жылдың наурызында АҚШ-тың санкциясына ілікпес үшін Ресейдегі санкция тізіміне ілінген активтерін сатып жіберді. Дегенмен, компания өз комбинаты іске қосылғанға дейін концентраттарды Амур гидрометаллургиялық комбинатында өңдеу бойынша Ресеймен әлі де байланысып отыр.
Алтын өндіруші компанияның 29,7%-ы омандық Maaden International Investment LLC-қа тиесілі болса, 0,7%-ы менеджмент қолында, ал қалған 69,6%-ы еркін айналымда жүр.