
Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының орталығында төрт күн толассыз жауған жаңбырдан 90-ға жуық үйдің ауласына су жиналды. Аудан әкімдігі осындай мәлімет таратты.
Жергілікті билік Бейнеуде арнайы техника көмегімен 7 мың текше метрден астам су сыртқы шығарылғанын хабарлады. Қазір ауылда су сору және қалпына келтіру жұмыстарына 25 техника мен 37 қызметкер жұмылдырылған. Жұмыстар тәулік бойы үздіксіз жалғасып жатыр, дейді аудан әкімдігі.

Әкімдік жариялаған суреттер мен видеолардан судың айтарлықтай көп жиналғанын, үйлердің қабырғалары ылғалдан үгітілгенін көруге болады.
Төрт күн жаңбыр
Қазақстанның батысында 28 маусымда басталған жаңбыр 2 шілдеде ғана тоқтады. Бейнеуге төрт күн ішінде 58,3 мм жауын-шашын түскен. Мамандар маусым айы жаңбырлы болғанын айтып отыр. Мәселен, ауданда жылына орташа есеппен 150 мм жауын-шашын түссе, соның жартысынан астамы жаздың алғашқы айында-ақ жауған.
Естеріңізге сала кетейік, нөсер жаңбырдан Алматы қаласы мен облысындағы өзендер тасып жатыр. Мәселен, Ақсай өзені арнасынан асып, соның бойындағы ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Алматы облысында Қарасай ауданында төтенше жағдай жарияланды.