Жаңалықтар

Банк, Бәйтерек, Самұрық-Қазына: Ұлттық банк зейнетақы қаржысын қайда инвестициялайды

БЖЗҚ / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Зейнетақы қорында қазір қазақстандықтардың 27,6 трлн теңге ақшасы жинақталған. Оның 26,5 трлн теңгесі міндетті зейнетақы жарнасы болса, 1,2 трлн теңгесі жұмыс берушінің міндеті жарнасы есебінен қалыптасқан.

Бұл қомақты қаржы елдің бір жылдық бюджетімен тең. Бүкіл халықтың болашақ зейнетке деп жинаған қаржысын 2013 жылдан бері Ұлттық банк сенімгерлікпен басқарып келеді. 2014 жылдың 26 наурызында бұрынғы жеке қорлардың бүкіл активі толығымен БЖЗҚ-ға шоғырландырылып, Ұлттық банктің басқаруына түпкілікті өткен. Қазір оның көлемі 26,4 трлн теңгені құрайды.

Ал 2021 жылдан салымшыларға зейнетақы жинағының 50 пайызын жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына беруге рұқсат етілді. Дегенмен жеке компаниялар басқарып отырған актив үлесі теңізге тамған тамшыдай: 105 млрд теңгені құрайды. Өйткені заңда шектеу бар еді. Оған қоса, басым көпшілік жинағын ивестициялау мәселесіне аса мән бере қоймайды.

Алдағы уақытта азаматтар зейнетақы жинағының 100 пайызын жеке компаниялардың басқаруына бере алады. Бұрынғы мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Сенат тиісті бастаманы қолдағанын жазған.

«Сенат біздің бастамамызбен енгізілген норманы мақұлдады. Енді әр адам өз зейнетақысын кімге басқарту керектігін, жақсы табыс әкелуі үшін қалай инвестиция жасау қажеттігін өзі шешеді. Жинақталған ақшаңызды бұрынғыдай Ұлттық банктің басқаруында қалдыруға немесе қаражатыңыздың 100%-ын арнайы қаржы компанияларына басқаруға беруге болады»,– деп атап өтті.

Қазір нарықта Ұлттық банктен бөлек, 5 жеке басқарушы компания жұмыс істейді. Олар: Halyk Finance, Alatau City Invest, BCC Invest, Halyk Global Markets, «Сентрас Секьюритиз» және Tansar Capital.

Жеке компаниялар Ұлттық банктің консервативті саясатымен салыстырғанда, тәуекелі жоғары, табысы көптеу құралдарға басымдық береді. Төмендегі кестеде қанша қаржыны басқарып отырғаны және қанша инвесттабыс тапқаны көрсетілген:

4 айда неге табыс түспеді

2026 жылдың төрт айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Ұлттық банк басқаруындағы активтері айтарлықтай инвестициялық табыс таппады. Осыған байланысты Kursiv.Media Ұлттық банкке сауал жолдап, зейнетақы активтерінің кірістілігі неге төмендегенін сұрады.

Ұлттық банк жауабына сәйкес, кірістің күрт төмендеуіне негізінен валюталық активтердің қайта бағалануы әсер еткен. Яғни теңге долларға қатысты нығайған кезде, шетел валютасындағы активтердің теңгемен есептегендегі құны уақытша арзандайды.

Бас банк дерегінше, наурыз айында зейнетақы активтері портфеліндегі теріс қайта бағалау 242 млрд теңге болды. Сәуірде бұл көрсеткіш 268,6 млрд теңгеге жеткен. Соның салдарынан 2026 жылдың басынан бергі инвестициялық кіріс сәуір қорытындысы бойынша 2,8 млрд теңгеге дейін төмендеген.

Ұлттық банк бұны қысқа мерзімді нарықтық құбылыс деп түсіндіреді. Себебі БЖЗҚ портфелінің шамамен 40%-ы валюталық активтерден тұрады. 2026 жылдың басынан сәуірге дейін теңге бағамы 1 доллар үшін 505,53 теңгеден 462,91 теңгеге дейін нығайғаны белгілі. Осы өзгеріс валюталық активтердің теңгедегі құнын азайтқан.

Алайда мамырда жағдай өзгерді. Осы айда портфель құны қайта бағаланып, жыл басынан бергі инвестициялық кіріс 795 млрд теңгеге дейін өскен.

ҰБ зейнетақы активтерінің кірісін қысқа мерзіммен емес, ұзақ кезеңмен бағалау керек деп есептейді. Айталық 2025 жылғы маусымнан 2026 жылғы мамырға дейінгі 12 айда БЖЗҚ активтері шамамен 2,7 трлн теңге инвестициялық кіріс әкелген. Осы кезеңдегі кірістілік 11,46% құрады Ал инфляция 10,4% деңгейінде қалыптасқан.

Ұлттық банк есебінше, БЖЗҚ активтері бірыңғай қорға біріктірілген 2014 жылғы сәуірден 2026 жылғы мамырға дейін жинақталған кірістілік 210 пайыздан асқан. Осы аралықтағы жинақталған инфляция 200,1% құрады. Яғни Ұлттық банк ұзақ мерзімде зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі оң болып отыр деп есептейді.

Ұлттық банк зейнетақы қаржысын қайда инвестициялайды?

ҰБ басқаруындағы зейнетақы қаржысының басым бөлігіне Қаржы министрлігі шығарған мемлекеттің бағалы қағаздарды сатып алған. Мемлекеттік бағалы қағаздарға (МБҚ) салынған қаражаттың жиынтық құны 11 трлн 463 млрд теңгеге жетіп, бүкіл портфельдің 43,4%-ын иеленіп отыр.

Портфельде МЕУКАМ, МЕОКАМ және МЕУЖКАМ сияқты мемлекеттік облигациялар бар. Олардың басым бөлігі 5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімдерге сатып алынған және нарықтағы купондық табыстылығы орташа есеппен 11%-дан 13,5% аралығында тұрақтаған.

Зейнетақы қаржысы жол салуға жұмсалады

Инвестициялық портфель құрылымынан азаматтардың зейнетақы қаржысына «Бәйтерек», «Самұрық-Қазына» сынды мемлекеттік холдинг пен қордың бағалы қағаздары сатып алынғанын байқауға болады. Жалпы квазимемлекет компаниялар бағалы қағаздарының портфельдегі үлесі 8 пайыздан асады.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» облигацияларына БЖЗҚ қаржысының 1 трлн 191 млрд теңгі (үлесі 5,87%) салынған. Бұл құралдардың өтелу мерзімі негізінен 2029-2035 жылдарға келеді, ал купондық табыстылығы 12-14% деңгейінде қалыптаспақ.

Ал «Самұрық-Қазына» облигацияларына 260 млрд теңге инвестицияланған. Олардың кірістілігі инфляцияға қосымша жылдық 3,5% сыйақыға тең. Айналым мерзімі – 15 жыл.

411 млрд теңгесіне «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының Жаһандық депозитарлық қолхаттары сатып алынған.

«Өз кезегінде бұл эмитенттер алынған қаражатты энергетика, көлік, коммуналдық инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және экономиканың басқа да стратегиялық маңызды салаларындағы маңызды инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағыттайды», – делінген жауапта.

Ұлттық банк қаражат тікелей жоба қаржыландыруы емес екенін түсіндірді. Яғни БЖЗҚ активтері нақты бір жобаның шығынын жабуға емес, облигация сатып алу арқылы инвесторлық капитал ретінде жұмыс істейді. Ал эмитенттер тартылған қаражатты энергетика, көлік, коммуналдық инфрақұрылым, агроөнеркәсіп және басқа да стратегиялық салалардағы жобаларға бағыттайды.

Екінші деңгейлі банктерге берілген қарыз

Зейнетақы қаржысының бір бөлігі елдегі ірі банктердің бағалы қағаздарына салынған.

Банк секторындағы басым үлес «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-на (Halyk Bank) тиесілі. Банктің жай акциялары мен облигацияларының жиынтық құны 181 млрд теңгені құрап отыр (үлесі 0,89%). Облигациялардың өтелу мерзімдері 2028-2032 жылдар аралығын қамтиды, ал табыстылығы 11,5-13% шамасында.

Сонымен қатар Bank RBK облигацияларына 80 млрд теңге инвестицияланған. Бұл қағаздардың кірістілігі инфляцияға қосымша жылдық 5,85% мөлшерлемесіне тең. Айналыс мерзімі де 7 жыл, купон жылына екі рет төленеді.

Ұлттық банк облигациялар нарықтық шарттармен сатып алынғанын атап өтті.

Басқа банктердің көрсеткіштері келесідей есептелген:

БЖЗҚ активтері: басқа банктердегі бағалы қағаздар

Әр банктің бір жолында екі көрсеткіш берілді: бағалы қағаздарының ағымдағы құны және портфельдегі үлесі.

ForteBank
Сома 51 млрд ₸
Үлесі 0,25%
Банк ЦентрКредит
Сома 39 млрд ₸
Үлесі 0,19%
Евразиялық банк
Сома 27 млрд ₸
Үлесі 0,13%
Bank RBK
Сома 24 млрд ₸
Үлесі 0,12%
Alatau City Bank
Сома 15 млрд ₸
Үлесі 0,07%
Ескерту: көк шкала — бағалы қағаздардың ағымдағы құны, сары шкала — портфельдегі үлесі.

«Отбасы банк» пен өзге де отандық компанияларға қанша ақша салынған?

Әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттағы компаниялардың ішінде «Отбасы банк» АҚ облигацияларының үлесі жоғары. Бұл эмитентке бағытталған қаражаттың жиынтық құны 339 млрд теңгені құрап, портфельдің 1,67%-ын иеленген. Осы құралдардың өтелу мерзімдері 7 жылдан 10 жылға дейін жетеді.

Портфельдегі ұлттық және акционерлік компаниялар

Әр компания бойынша бағалы қағаздардың ағымдағы құны және портфельдегі үлесі көрсетілді.

KEGOC
Сома 32 млрд ₸
Үлесі 0,16%
Қазақтелеком
Сома 24 млрд ₸
Үлесі 0,12%
Эйр Астана
Сома 18 млрд ₸
Үлесі 0,09%
Кселл
Сома 12 млрд ₸
Үлесі 0,06%
КазТрансОйл
Сома 10 млрд ₸
Үлесі 0,05%
Ескерту: ашық күлгін шкала — бағалы қағаздардың ағымдағы құны, қою күлгін шкала — портфельдегі үлесі.

АҚШ, Перу, Сербия мен Венгрия бағалы қағаздары бар

Ұлттық банк иелігіндегі активтердің 9,9 трлн теңгесі, яғни, 37 пайыздан астамы индекстік басқаруға берілген. Валюталық тәуекелдерді азайту және инвестицияны әртараптандыру үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігі сыртқы нарықтарда АҚШ долларымен орналастырылған.

Бұл бағытта АҚШ Үкіметінің мемлекеттік облигациялары бірден көзге түседі. Қордың бұл міндеттемелерге салған жалпы сомасы 394 млрд теңгеден асады, ал портфельдегі үлесі 0,14% бен 0,43% аралығында өзгеріп отырады. Осы облигациялардың АҚШ долларымен есептелген жылдық табыстылығы 4,2-4,8% деңгейінде қалыптасқан.

Сонымен қатар БЖЗҚ қаражатына халықаралық ұйымдар мен бірнеше шет елдің еурооблигациялары да сатып алынған. Мысалы, Оңтүстік Кореяның «Korea Development Bank» және «Export-Import Bank of Korea» сияқты мемлекеттік банктеріне 120 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған.

Бұл құралдардың әрқайсысы портфельдің шамамен 0,25-0,32%-ын құрайды және олар 2027-2030 жылдар аралығында өтелуге тиіс.

Бұдан бөлек, Сауд Арабиясының «Saudi Electricity Sukuk» энергетикалық облигацияларына 45 млрд теңге (үлесі 0,22%), Чилидің «Codelco Inc» компаниясына 38 млрд теңге (үлесі 0,19%) және Біріккен Араб Әмірліктерінің «Masdar Abu Dhabi» кәсіпорнына 29 млрд теңге (үлесі 0,14%) инвестицияланған.

Сондай-ақ портфельде Перу, Венгрия және Сербия үкіметтерінің еурооблигациялары да бар, бұл үш мемлекеттің қарыз міндеттемелеріне салынған ақшаның жиынтық құны 90 млрд теңгеге жуықтайды.