Жаңалықтар

Жамбыл тұрғыны полиция департаментін сотқа беріп жеңіп шықты

Фото: ЖИ
Фото: ЖИ

Жамбыл тұрғыны көлік құралын тіркеу туралы куәліктегі қатені түзетуді талап етіп, полиция департаментін сотқа берген.

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты оның талабын қарап, қанағаттандырды.

Іс материалдарына сәйкес, 2009 жылы шығарылған Nissan Tiida автокөлігін тіркеу кезінде көлік шанағының сәйкестендіру нөмірінде (VIN) техникалық қате жіберілген. Құжатта нақты нөмірдің орнына бір цифры қате көрсетілген.

Сараптама қорытындысы бойынша, көліктің нақты VIN нөмірі зауытта берілген. Оған ешқандай өзгеріс енгізілмеген және ол тіркеу құжаттарындағы мәліметтерге сәйкес келмейтіні анықталған.

Сот уәкілетті орган өтінішті қарау барысында азаматтың құқықтарын қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдамаған деген қорытындыға келді.

Сот шешімімен Полиция департаментіне көлік құралын тіркеу туралы куәлікке өзгеріс енгізіп, VIN нөміріндегі қатені түзету міндеттелді.

Сонымен қатар сот азаматтың өтінішін қарау кезінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарының бұзылуына байланысты Ішкі істер министрлігінің атына жеке ұйғарым шығарды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Мұның алдында спорт ардагерлері министрлікпен соттасып, жеңіп шыққан еді.