
Қазақстанда технологиялық стартаптарды қолдау жұмысы енді өңірлерде де күшейтіледі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Astana Innovations Accelerator 2026 бағдарламасының үшінші легінің ашылуында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұл мақсатқа жетуде стартаптарды, жас кәсіпкерлерді және жасанды интеллект жобаларын қолдайтын акселерациялық бағдарламалардың рөлі ерекше.
Мәдиев: үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналуымыз керек
Жаслан Мәдиев Мемлекет басшысы Қазақстанда технологиялық ұлт қалыптастыруды басты міндеттердің бірі ретінде белгілегенін айтты.
«Мемлекет басшысы технологиялық ұлт қалыптастыру міндетін қойды. Биылғы жылды жасанды интеллект пен цифрландыру жылы деп жариялады. Сондай-ақ алдағы үш жыл ішінде Қазақстан толыққанды цифрлық елге айналуы тиіс деген нақты міндет жүктеді», – деді министр.
Акселерациялық бағдарламалар стартаптардың дамуына жол ашады
Министрдің сөзінше, акселераторлар, хакатондар және инвесторларға арналған бағдарламалар стартаптардың дамуына нақты мүмкіндік береді.
Оның айтуынша, мұндай жобаларға қатысушылар өз идеяларын таныстыруды, инвесторларға ұсынуды үйреніп, болашақ инновациялық кәсіпкер ретінде тәжірибе жинақтайды. Кейін олар Astana Hub, инвесторлар және басқа да даму институттары арқылы pre-seed, seed қаржыландыру сияқты қолдау тетіктеріне қол жеткізе алады.
«Бұл бағдарламалар қатысушыларға презентация дайындаудан бастап, жобаны инвесторларға таныстыруға дейінгі барлық кезеңнен өтуге мүмкіндік береді. Осылайша олар өздерін инновациялық кәсіпкер ретінде сынап, кейін түрлі қаржыландыруға ие болып, жобаларын жаһандық нарыққа шығаруға жол ашады», – деді ол.
Инновациялық кәсіпкерлерді даярлауға басымдық беріледі
Министр ендігі басымдықтардың бірі өңірлердегі жастарды инновациялық экожүйеге кеңінен тарту екенін атап өтті.
Оның пікірінше, еліміздің барлық өңірінде талантты жастар көп және олардың технологиялық жобаларды дамытуға толық мүмкіндігі бар.
«Біз өңірлерге ерекше көңіл бөлеміз. Негізгі мақсат – ел бойынша барынша көп жасты осы экожүйеге тарту. Өңірлерде өте талантты жастар өсіп келеді. Астанада қалыптасқан инновациялық тәжірибе бүкіл елге таралады деп сенемін», – деді Жаслан Мәдиев.
Жастардың арманы – кәсіпкер болу
Министр жоғары оқу орындары инновациялық экожүйемен тығыз жұмыс істеуі қажет екенін айтты. Оның сөзінше, студенттер акселерациялық бағдарламаларға қатысып, оны оқу процесінің бір бөлігі ретінде меңгеруі тиіс.
«Білім беру бағдарламалары инновациялық экожүйемен барынша ықпалдасуы керек. Біз жастардың ойлау жүйесін өзгертуіміз қажет. Олар болашақта мемлекеттік қызметкер болуды емес, өз стартапын құрып, кәсіпкерге, технологиялық компанияның негізін қалаушыға, тіпті әлемдік деңгейдегі «бірмүйізді» компаниялардың иесіне айналуды армандауы тиіс», – деді министр.
Айта кетейік, Opening Day Astana Innovations Accelerator 2026 аясында акселерациялық бағдарламаның үшінші легі іске қосылды. Бағдарлама жасанды интеллект жобаларын, стартаптар мен қалалық инфрақұрылымға арналған технологиялық шешімдерді дамытуға бағытталған. Қатысушылар идеядан бастап пилоттық жобаны іске асыруға және оны Астана қаласының инфрақұрылымына енгізуге дейінгі барлық кезеңнен өте алады.
Айта кетейік, Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жасанды интеллектінің ауқымды кластерін құру жоспарланып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы аясында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, халықаралық Citi корпорациясы және Freedom Holding Corp. арасында өзара түсіністік туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.