
«Қазселденқорғау» Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының таулы аймақтарында өзендердегі су деңгейі көтерілуі мүмкін екенін ескертті. Осыған байланысты тауға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарына сақтық шараларын күшейту ұсынылды.
«3-5 шілдеде аралығында Алматы, Жамбыл, және Жетісу облыстарының таулы және тау алды аудандарында жоғары ауа температурасы мен нөсер жаңбыр болжамына байланысты өзендерде су деңгейі көтерілуі және қарқынды беткей ағындары күтілуде. Сырғыма және сел құбылыстары орын алуы мүмкін» – делінген хабарламада.
Мекеме өкілдері Қарғалы, Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерін күндіз-түні бақылауда екенін жеткізді.
Мамандар аталған өңір тұрғындарына алдағы демалыс күндері тауға шықпауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға кеңес берді.
Айта кетейік, Алматының Наурызбай ауданында сел жүру қаупі салдарынан 60 тұрғын үйге қауіп төніп тұр. Қауіп аймағында қалған үйлер Жандосов көшесінен жоғары орналасқан «Весна», «Эдельвейс», «Щедрость» және «Бодрость» бау-бақша серіктестіктерінде орналасқан.